Қазақ халқының арғы-бергі тарихында білек күшімен, шешен тілімен, ақыл парасатымен үлгі болатын батыр қыздар аз болмаған. Ертедегі Қыпшақ қыздары, "Тұрандот ханшайымдар" сұлу сымбатымен, табиғи тартымдылығымен, шығыс қыздарына тән ерекше сән-салтанатымен Еуропаның рыцарларын құмар еткен.
Туран – Тұран (мемлекеттің аты), дота, латынша қыз деген сөз. Сонда Тұрандот – "Тұранның қыздары" дегенді білдіреді. Десе дегендей-ақ олар расында да өте сұлу, көзге түсерліктей болған. Қазіргі қазақ даласында мұндай қыздар аз болмаған.
Томирис – Тұран патшасы Афрасиябтың қызы. Патшайым болып ел басқарған батыр қыз.
Зарина – Сақ патшасының қыз. Ел тағдыры үшін өз махаббатын құрбан етеді. "Жеке басымның бақытын елімнің еркіндігіне айырбастай алмаймын. Махаббаттан да жоғары нәрсе бар, ол – менің елім", – дейді Зарина.
Бөрте ханым – Шыңғыс ханның әйелі. Қоңырат тайпасының қызы. Жат елдікке пенде болғанмен, ұрпақ тәрбиесінде өз елінің ұлттық тағылымын меңгерте білген.
Гауһар – Қабанбай батырдың жары, Малайсары батырдың қарындасы.
Есенбике – Олжабай батырдың анасы, үйсін Қарасай батырдың қызы.
Назым – Қабанбай батырдың қызы.
Айтолқын – Абылай ханның қызы. Бұл батыр қыздарымыз ұлттық намысты ту етіп, халық тағдыры үшін ерлермен бірге қан майданда ерлік көрсеткен батыл жандар.
Бопай – Кенесарының қарындасы, бес жүз сарбазды басқарып, Ресей отаршылдарына қарсы соғыста ерен ерлік көрсеткен батыр қыз.
Мамыр – Байқазы арғынның қызы. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» дастанындағы өжет қыз. Махаббаты үшін құрбан болған батыл қыз.
Айбике – Бұланбай батырдың жары, барлаушы сарбаздардың басшысы болған қыз. Талай шайқастарда жауынгерлердің ұлттық рухын көтеріп, ерлікке шақырған батыр қыз.
Ботакөз Есетқызы – Есет батыр Көкіұлының қызы. Батырлығымен, батылдығымен аты аңызға айналған қаһарман қазақ қызы.
Мұндай батыр қыздардың қатарын кешегі Ұлы Отан соғысы мен Тәуелсіздік құрбандары да толықтыра түседі.
Домалақ ана (Нүрила) – Бәйдібек бидің жары. Нүрила барлық адамға өте мейірімді, ақылды, әулие әйел болған. Домалақ ананың осындай қасиеттерін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіріп өссе, онда келешегіміздің көкжиегі одан сайын кеңи түсер еді.
Қалампыр ана – Балуан Шолақтың анасы. Жазушы Сәбит Мұқанов "Балуан Шолақ" романындағы аналар бейнесін аса қызық сомдаған. Өмірде өнегелі болған аналар бейнесі көркем өнерде ұрпаққа ғибрат берерліктей тәрбиелік маңызы зор.
Айша Қобыланқызы – атақты Қожаберген жыраудың жары. Халқымыздың тарихында "Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама" кезең боп таңбалаған зұлмат замандағы қазақтың мұңы мен зарын, арманы мен аңсарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дәуірдің дауылпазындай дабыл қағып, ерлік пен елдікке үндеген әйгілі "Елім-айдың" әнін шығарған батыл қыз.
Айғаным – Шоқанның әжесі.
Зере – Абайдың әжесі.
Дінасыл – Мұхтардың әжесі.
Қызтумас – Бауыржанның әжесі.
Қалампыр ана – Балуан Шолақтың анасы.
Қарашаш – Жиренше шешеннің жары.
Жоғарыда аталған есімдердің біразы қазақ танымында эталондық, кейбіреуі символдық мәнге ие болған. Мысалы: Тұмар, Зарина – қайсарлық, өжеттік, тәкаппарлықтың, Құртқа, Домалақ ана, Қарашаш – қазақ әйеліне тән ақыл-парасат пен көрегенділіктің, Жібек – сұлулық пен сымбаттың, Айман мен Ақжүніс әйел үшін таптырмайтын қасиет – қулық пен айлакерлік, тапқырлықтың, ал Баян – сұлулықпен бірге махаббатқа адалдықтың, сезімге тұрақтылықтың символы.
Халқымыз "Қызда қырық есекке жүк боларлық айла бар", "Суды құм бөгейді, дауды қыз бөгейді" деу арқылы қазақ қызына тән тапқырлық пен батылдық, айла мен ақыл сияқты қасиеттерді де көрсеткен.
Қорыта айтқанда, халқымыз қыз баланы тіршіліктің тірегі, әлемдегі ізгіліктің алтын діңгегі, жарық дүниедегі әдемілік пен сұлулықтың тәңірісі деп бағалаған.
Қазақ қызы қандай болуы керек: ұлтжанды, қайсар, тәрбиелі, нәзік, намысшыл, сыпайы, бауырмал, жанашыр, адал, білімді, көкірегі ояу, саналы, сүйкімді, махаббатта, достықта адал, бұрымды, инабатты, сымбатты, көрікті, жан-жақты ойлай алатын еліне, жұртына, достарына әрқашан қамқор бола алатын қыз, нағыз қазақ қызы. Мұның бәрі мәдени-әлеуметтік таңба ретінде халық танымында сақталып қалған.