Көп адам келер күнненен жаңа өмір, жаңа бастама күтеді. Әлемді өзгерткісі келген жан өзгерісті өзінен бастауы тиіс. Ал өзі өзгеруі үшін айналасын, араласатын адамдарын да сараптап алғаны дұрыс. Өміріңізге шарапатын шашпайтын кей жандардан іргеңізді аулақ салған да абзал болар.
Сіз үшін қуанбайды...
Сіз нағыз өз адамыңызды кездестіргендей болдыңыз не жұмыста жетістікке жеттіңіз. Төбеңіз көкке бір елі жетпей тұр. Ал құрбыңыз сізбен бірге қуану орнына, құттықтамайды да. Не ішінде қызғаныш оты қылп ете қалды, не сіздің жаңалығыңыз ол үшін маңызды емес. Мұндай адам жаныңда болғанынан, болмағаны артық. Қуанышыңызды басқамен бөлісіңіз.
Мадақ сөздері «біртүрлі»
Тілімен шағып, уын шашып сөйлейтін адамдар болады. Бір жағынан мақтап тұрған сияқты, екінші жағынан ойланып қарасаң, мысқылдап тұрғандай. Мысалы «Маған сенің өміріңді берсе ғой», деп бастайды да, мойныңа еш жауапкершілік ілінбейді, ештеңеге міндетті емессің деп солғын дауыспен аяқтайды. Әлде «Былай өте жақсы көрінесің... алыстан қарағанда» дейді. Әп-әдемі басталып, соңы негативпен аяқталатын пікір иелерінен алысырақ жүрсеңіз, өміріңіз ұзара түсер.
Ештеңеге риза емес
Ол тек сіз үшін қуана алмайтын адам емес, оған тіпті ештеңе қызық емес. Саудаңыз сәтті түсіп, көп жеңілдікпен алдыңыз ба, ол «тұрып қалған шығар» дейді. Жақсы пәтер таптыңыз ба, бұл аймақ шулы екенін айтады. Күн шығып тұрса да, жаңбыр жауып тұрса да, әр нәрседен жамандық қана көреді. Мұндай адам сіздің ойлау жүйеңізге де әсер етпеуі үшін қарым қатынасты азайту керек.
Өзін сізбен салыстырады
Адамдарға бір-бірінің жетістігін білу қызғаныш сезімін туғызу үшін емес, мотивация беріп, оның да алға жылжуына сеп болуы үшін қажет. Ал сіз жаңа тағам әзірлеуді үйренгеніңізді айтсаңыз, «Мен оны бұрыннан білемін», жаңа туфли сатып алғаныңызды айтсаңыз, «Менде оның екеуі бар» деп өзіне үнемі сізбен салыстырып әрі сізді төмендетіп отырса, бұл адаммен қатынасты ары жалғастырудың мәні жоқ.