- Негізгі бет
- Күй
- "Салтанат" күйінің шығу...
"Салтанат" күйінің шығу тарихы
Көпшілік арасында кеңінен танымал Қаратау күй мектебінің өкілі, дәулескер күйші Төлеген Момбековтің "Салтанат" күйі жайлы бүгіндері барша қазақ біледі. Осынау бір күй адамның күні бойы сөзбен айтып жеткізе алмайтын сырын, мұңын тілсіз екі шектің мақамымен әр кеудеге құйып береді. Күйші тілсіз құдірет күйі арқылы миллиондаған қазақтың жүрегінен орын алып, әрқайсысының кеудесіндегі өкініш, күйініш, жанашырлық сынды асыл сезімдерін қозғайды. "Салтанат" күйін әр тыңдаған сайын кеудемізді өксік аралас мұң басып, жүрегімізді сыздататыны осы күйдің құдіретінен демей не деуге болады?!
Күйдің шығу тарихы былай болған еді:
1969 жылы Төлеген Момбековтың асыл жары Пернеш қайтыс болып, Райхан, Қызжан, Дана, Гүлжан, Салтанат атты бес қызымен, Қайрат атты бір ұлымен қалған Төкеңе бұл қаза қатты батады. Жан күйзелісіне толы осы жылы өмірге бірінен соң бірі төрт күй келеді. Сол кезде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істейтін Төлеген бір күні жұмыстан шаршап үйіне келсе, Қайраты төрт жасар Салтанат деген қызын жылатып қойыпты. Сонда Салтанат біраз жыл өтсе де, өлген шешесін ұмытпай: "Апама айтам" деп зар еңіреп жылайды. Осы сөзді құлағы шалып қалған күйші сондай бір ауыр күй кешіп, қатты толқиды. Қызын жұбатып отырып: "Қайтемін, жаным-ау" деп қосыла жылайды. Сосын сүйеніші де, жұбанышы да болған домбырасын сабалай береді. Ертеңіне жаңа күй шығады. Күйдің атын қызына жұбату ретінде "Салтанат" деп қояды.
Ж. Жұмағұлов