- Негізгі бет
- Күй
- Көне дүние күмбірі....
Көне дүние күмбірі. Қазақтың үш ішекті домбырасы
Абайдың, Шәкәрімнің, Әлмағамбеттің, Ысырайлдың, Шәкір Әбеновтердің үш ішекті домбыралары мұражайларда сақталғанымен, ел ішінде үш ішекті домбырада орындаушылар болғанмен, осы саладағы орындаушылық дәстүр ХХ ғасырдың 1960-жылдарына дейін зерттелмеді. Атаусыз, ұмыт қалды. Қазақ радиосына, теледидарға немесе күйтабаққа жазу студияларында үш ішекті домбырада күйлер орындаған бірде-бір орындаушы болмады. Қазақта бұл музыкалық аспап бұрын- соңды болмағандай, оған жете мән берілмеді. Үш ішекті домбыра мұражайлардағы жәдігер ретінде ғана сақталды. Осы жағдайларға байланысты үш ішекті-қос бұрау домбырада шәкірт тәрбиелеу, музыкалық оқу орындарында арнайы класс ашу әлі күнге дейін жолға қойылған жоқ.
Міне, музыкалық мәдениетіміздегі осындай ақтаңдақтардың бетін профессор Б.Сарыбаев ашты. Ол 1965 жылдардан бастап қазақтың өткен өміріндегі аңыздары мен деректеріне сүйеніп, үш ішекті – қос бұрау домбыраның қазақтың ежелгі музыкалық аспабы екенін, тарихи тамыры тереңде жатқандығын, бағзы түркі дүниесінің мұрасы екендігін алғаш дәлелдеп берді.
«Түркі тілдес халықтардың қазіргі музыкалық аспаптарын тереңірек зерттеп білу үшін, қолдағы бар деректерге сүйене отырып, көне музыка аспаптарының үлгілерін мүмкіндігінше дәлірек етіп қайта жасап шығу жұмыстары тұрды», – деп жазды Б.Сарыбаев көне музыкалық аспаптарды дамыту жөнінде. Әрине, ол қазаққа тән көне музыкалық аспаптарды зерттегенде, әуелі Әбу Нәсір әл-Фараби еңбектеріне сүйенді. Сонымен қатар Шоқан Уәлиханов пен Әлкей Марғұланның еңбектерін оқыды. Сондай-ақ академик Ахмет Жұбановтың Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінде пайдаланылып жүрген музыка аспаптарын кәсіби деңгейге көтеру жолында қайта қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілуіне ден қойды және қазақ даласына саяхат жасаған шетелдіктердің жазған еңбектерінен оқып, біліп, танып, сараптай отырып зерттеді. Әсіресе, мұражайларда сақтаулы тұрған ұлы Абайдың бірнеше үш ішекті домбырасы ғалымға терең ой салды. ХІХ ғасыр жазбаларынан қазақ тарихының әлеуметтік тұрмысында үш ішекті домбыра болғаны жайлы жазылған деректерді тапты. Савичевтің Құрманғазы жайлы жазуы, Тәттімбет пен Дәулеткерейдің патша сарайына баруы, фотосуретке түсуі жайлы деректердің табылғаны тәрізді, қазақ сахарасында үш ішекті домбыра дәстүрін жалғастырған орындаушылардың болғанын дәлелдеді. Б.Сарыбаев әуелі ХІХ ғасырдағы үш ішекті домбыраны көзімен көрген шетелдік саяхатшы-ғалымдардың да жазып қалдырған деректеріне сүйенді.
Осылайша, орыс халқының үш ішекті «домрасын» зерттеген ғалымы К.Вертков тәрізді, Б.Сарыбаев та қазақ домбырасын зерттеу барысында терең тұжырым-толғаулар жасай отырып, ғылыми жетістіктерге жетті. Нәтижесінде, ел ішінде қос бұрау домбырада күйлер орындаған орындаушылардың есімдерін атай отырып, осы саланың өзіндік дәстүр ретінде қалыптасқанын дәлелдеп шықты.
Сол деректерді Б.Сарыбаев алғаш рет ХХ ғасырдың орта тұсында баспасөз бетіне былай деп жариялаған болатын: «Қазақтың музыка мәдениетін зерттеушілер күні кешеге дейін өткен ғасырдағы этнографтардың көп ішекті домбыралар жайында жазып қалдырған еңбектеріне жөнді мән бермей келген еді. Ал Семей облысынан үш ішекті аспаптар мен үш дауысты бірегей күйлер кездескеннен кейін ғалымдар бұл мәселедегі көзқарастарын өзгерте бастады. Қазақтарда бұрын өзінің құрылысы жағынан үш ішекті көне шертерге ұқсас көп ішекті домбыра болғаны жайында бұл күнде қосымша деректер табылып отыр», – деген пікір білдіреді де одан әрі, – «Бұрынғы кезде көп ішекті домбыралар Қазақстанның түрлі облыстарында болыпты. Мұны А.Алекторовтың, Д.Исаевтың, П.Юдиннің және басқа этнографтардың мәліметтерінен көреміз. Осындай мақалдардың бірінен мынадай жолдарды кездестірдік: «Қырғыздардың (қазақтардың – Ж.Ш.) музыкалық аспаптары қызығарлықтай емес. Олардың бар болғаны бубен, джибизги және думбралар (думбра үш немесе төрт ішекті аспап, біздің балалайкаға ұқсайды)", – деп, алғаш рет нақты дерек келтіреді.
Ғалымның бұл жазғаны бұрын белгісіз болып келген мәліметтердің көзін ашып қана қоймай, халыққа қайта қайтару жолындағы әрекеттердің алғашқы бастамасына айналды.
«Қобыз бен домбыра тек екі ішекті болған деп кесіп айту қиын. Өйткені бұрынғы кезде үш ішекті домбыра болғанына бұл күнде музыка зерттеушілерінің көзі жетіп отырған сияқты. Мұны табылған архивтік материалдар растай түседі», – дей келе Б.Сарыбаев белгілі орыс зерттеушісі А.Алекторовтың: «Домбыра – тым шағын музыкалық аспап, түріне қарағанда үлкендігі бір футтан аспайтын (фут – 30 см-ден сәл асады. – Б.С.) ұзына бойы қақ жарылған алмұртты ұқсатады, ал мойны үш футқа жетеді. Домбыра екі немесе үш ішекті болып келеді, екі ішегі тарамыс, ал үшіншісі мыс», – деп жазғанын келтіре отырып, ел арасында үш ішекті домбыраның болғандығы жайлы деректі дәлел ретінде ұсынады.
Одан әрі Б.Сарыбаев үш ішекті домбыраның Орал облысы өңірінде кездескенін, сондай ақ 1857 жылы Бөкей ордасына сапар шеккен белгілі этнограф Д.Исаевтың үш ішекті домбыра жайлы баяндап жазғаны туралы дерегін және А.Евреинов, А.Харузин, П.Юдин тәрізді орыс этнографтарының үш ішекті домбыра жайлы баяндап жазғандарын сараптай отырып, ортаға салады.
Үш ішекті домбыра музыкалық аспап ретінде қазақ халқының ежелгі игілігі болғаны жайлы мағлұматтарды молдап жинап алған соң, Б.Сарыбаев домбыраның құрылыс бітіміне, үніне, ойнау, орындау ерекшелігіне мән беріп, зерттеуге кіріскен. Осы жолда ол өзі бастама көтеріп, Абайдың айналасындағы орындаушыларды зерттеу мақсатында Абай еліне, Абай ауылына сапар шегіп, ондағы көне көз қарттармен тілдесіп, Абайдың Әлмағамбет пен Мұқа тәрізді музыканттары болғанын естиді. Ел ішіндегі естеліктерге ерекше мән беріп, көптеген қызықты жайлардың бетін ашып, сол туралы алғаш рет жазды да.
Ол Абай айналасындағы орындаушылар жайлы: «Ұлы Абайдың баласы Ақылбай мен немересі Исраил үш ішекті домбыраны шебер тартқан екен. Исраилдың өзі де бірнеше күй шығарған, бірақ өкініштісі, ол күйлер бізге жетпеді.
Қазір Семейдегі Республикалық әдеби-мемориалдық Абай музейінде үш ішекті домбыра сақтаулы. Олардың бірі Исраилдың домбырасы. Ол тұтас ағаштан ойып жасалған. Бет қақпағы ағаш шегелермен бекітілген, оған тарамыс перне байланған.
Екінші домбыраның шанағы бөлек-бөлек тақтайдан құрастырылған. Жоғарғы және төменгі қақпақтары фанерден жасалған. Он екі пернесі бар.
Үшінші домбыраны ұлы ақын-ағартушы Абай Құнанбаев пен оның досы Н.Долгополов Семей өлкетану музейіне 1885 жылы тапсырыпты. Ол да тұтас ағаштан ойып жасалған. Ағаш шегелермен бекітілген бет қақпақта үш шағын ойық бар. Жоғарғы тиек жоқ. Мойынға бес перне байланған», – деп жазды.
Семей сапарынан оралған соң Б.Сарыбаев үш ішекті домбыраны жаппай ел игілігіне айналдырып, дамыту жөнінде бастама көтерді. Ондағы мақсаты жоқты бар етіп, өзі зерттеп, халқына қайтарған шертер, жетіген, сазсырнай тәрізді қазақтың музыкалық аспаптарының қатарында енді үш ішекті домбыраны да сахнаға шығару қажеттігінің туындауы еді.
Ол әуелі үш ішекті домбыраның дыбыс ерекшеліктеріне мән берді. Үш ішекті домбыраның дыбыс қатары екі ішекті домбырадан бір октава артық. Және орындау ерекшеліктерінде шертіп те, төгіп те, қағып та, іліп те, алма кезек те, сипап та ойнау тәсілдері қолданылады. Көне сарындарда терциялық, кварталық және квинталық аккордтар да кездеседі. Бұл өзі дәстүрлі музыкамыздағы әлі айтыла қоймаған, жазылмаған тың жаңалық еді. Ұлы Абай қолына ұстап, әндерін сүйемелдеген, күй сарындарын ойнаған қасиетті музыкалық аспапты неге халқымызға қайтармасқа деген ой келген Б.Сарыбаевқа. Сондықтан да ол үш ішекті домбыраны жаңғыртуға түбегейлі кірісті.
«Бұл күндері қазіргі ел арасына тараған қос ішекті домбырамен қатар үш ішекті домбыраның да болғандығы анықталып отыр. 1965 жылы үш ішекті домбыраның біраз күйлері магнитофонға түсірілген болатын. Мұның өзі ертеде этнографтардың қазақ арасында үш ішекті домбыралар болды деген сөзін растайды», – деп жазды Б.Сарыбаев 1970 жылғы «Лениншіл жас» газетінің 17 қазан күнгі санында. Бұл ғұлама ғалымның үш ішекті домбыраны дамыту жөніндегі алғашқы ұсынысы болды.
Шәкәрім Жарқын
Көне дүние күмбірі – Мелодии древности (Болат Сарыбаев – музыка зерттеуші туралы)