Каспий теңізі бір кезеңдерде деңгейі көтеріліп, жағадан шығып, тасып кетеді екен. Ғалымдардың айтуынша, бұл әрбір дәуірлік мерзім сайын болып тұратын құбылыс көрінеді.
Міне, сондай құбылыс ХІХ ғасырдың екінші жартысында да болған. Мұны ұлы сазгер Құрманғазы мен суырыпсалма ақын Қашаған өз көздерімен көрген. Құрманғазы бір келгенде Қашаған тап болып, екеуі тасып жатқан теңізді жағалай жүріпті. Бұл жөнінде бір суретшінің салған суреті де бар.
Қашаған халықты қиналысқа ұшыратқан осы тасқын жөнінде «Топан» атты дастан шығарды. Ақын пәлсапалық ұғыммен табиғаттың қасіретті құбылысын адамзаттың имандылық, нәпсілік қасиеттерінің жоғалуымен байланыстырады. Соның жазасы деп түйіндейді.
Ал Құрманғазы асып-тасып, көбіктеніп, толқып жатқан теңізді көріп, оның халыққа залалы тигеніне жаны қиналады. Оған Қашаған дастаны да қатты әсер етеді. Сөйтіп, жүрек сыздатар сазды «Көбік шашқан» күйі шыққан.