Қазанғаптың қанша күйі бар?

Қазанғаптың қанша күйі болғанын ешкім де тап басып айта алмайды. Бірақ оның тек «Ақжелең» күйінің өзі ғана 62 нұсқадан тұратынын қазанғаптанушылар айтып та, жазып та жүр. Ал одан басқа да Қазанғап домбырасының шанағынан көптеген күйлер төгілген. Күйлерін ұлы күйшінің өзінен үйреніп, жанында жүрген тікелей шәкірттері боп өмірден өткен Жәлекеш Айпақов, Кәдіралы Ержанов, Мәжит Бейсенбаев секілді көптеген домбырашы-күйшілер, арнайы Шалқарға келіп, Қазанғаптың күйлерін жазып алған академик Ахмет Жұбанов, экспедиция жасақтап келген Бек Сүлейменов, Мардан Байділдаев және басқа ғалымдар, Қазанғап күйлерін нотаға түсіріп, ғылыми айналымға қосқан Сәдуақас Балмағамбетов те Қазанғаптың күйлерін толық жинақтай алмады. Қазіргі кезде Қазанғап күйлерінің аттары белгілі болғанымен, оларды ешкім толық біле бермейді.

Қазақ музыкасын ғылыми тұрғыда зерттеп, тарихын жаз­ған Ахмет Жұбановтың өзі сол замандағы салқын саясаттан зардап шекті. Ұлтының рухани ұлы мұраларын жарыққа шығарып, қазақ халқын әлемге танытпақ болған Ахаңның да қадамы аңдулы болды. Оның үстіне қазақтың тұңғыш лингвист ғалымы, КСРО Ғылым академиясының қазақ бөлімінің Президиум мүшесі Құдайберген Жұбанов 1937 жылы «жапон тыңшысы» деген жалған айыппен қамалып, көп уақыт өтпей атылып кетті. Соған қарамастан, ұлт-аспаптар оркестрін құрып, қазақ өнері мен мәдениетін шынайы зерттеуге кіріскен Ахмет Жұбановты феодализмнің қал­дықтарын насихаттаушы деп сынап, мінегендер де табылды. Кейін өнертанушы ғалымдардың басты ғылыми құралына ай­нал­ған «Замана бұлбұлдары» этно­графиялық еңбегі 1940 жылдары жазылған екен. «Ескіліктің қал­дықтары» насихатталған деген сынға ұшырап, туралып тас­­талған. Бұл ғылыми ең­­бе­гін А.Жұ­банов қайта жазып, 1963 жылы ғана жарыққа шығара алған. Жан-жақтан болып жатқан түрлі қи­тұрқы қы­сымдарға қарамастан, Ахаң көптеген мәселені сыналап болса да кіргізіп жіберген. Қазанғап күйлерін зерттеу бары­сында да ызғарын төккен саясат­тың ғалым құлашын жаздырмағаны анық.

Кеңес өкіметі тұсында Қа­зан­ғап күйлерінен де астар іздеу­шілер табылған.

Ахмет Жұбановтан бас­тап күйшіні зерттеушілерге қойыл­ған кінәнің бірі – Қазанғап өз күйлеріне Кеңес өкіметінің же­тістіктерін қоспапты. Қазақ даласында еркін жүріп, халықтың ықыласына бөленген, жаңа би­ліктің саясатынан хабарсыз, оның үстіне 1921 жылы дүние салған, Кеңес өкі­меті тұсында төрт-ақ жыл өмір сүрген Қазанғап күй ар­қы­лы ком­мунизмді қайдан жыр­ласын.

Күйшіге тағылған тағы бір айып – оның күйлері пессимизмге толы, қыз-келіншектерді күйге қос­қан. Мұның бәрі әншейін еді. Айыптаушылардың астыртын кінәсінің басты мәні Қазанғаптың халық батырларын күй арқылы дәріптегенінде жатыр.

Қазақтың ұлттық болмы­сын, тұрмыс-тіршілігін, көшпен­ді­ліктен бастап бүкіл өмірін, өмір сүрген ортасын, мекенін, таби­ғатын ақындар мен жыраулардай жырлап беретін құдіретті бір күш күйде, күйшілік өнерде жатыр. Оғыз-қыпшақ кезеңінен жеткен күй аңыздарынан, оның ішінде Қорқыт ата күйлерінен бастау алған қазақтың күй өнері хал­қы­мыздың тарихын үнге қосып келеді. Кетбұға мен Боғда күй­лері өз дәуірінен хабар береді.

Жалпы, қандай шығарма болса да, сол дәуірдің тарихи жағ­дайына, өмір сүру шын­дығына келіп тіреледі. Қазанғап та өз за­манының тынысын домбыра арқылы сөйлетіп, халықтың көңіл күйін әуенге салды. Қазанғап күй­лерінің өміршеңдігі де оның өнер ретіндегі биіктігі мен заманды суреттей білуінде жатыр.

Қазанғап күйлерін зерттеу кезінде оның шығармалары жанры­ның әртектілігін көруге бо­­лады. Қазанғап күйлері тұ­нық лирикалық сезімдермен қатар, үлкен философияға толы. Соны­мен қатар, азаттықты ту еткен қа­һармандық күйлері де бар.

Қазанғап күйлерін сөз еткенде, алдымен оның «Ақжелең» күйі еске оралады. Қазанғап «Ақ­­желеңнің» 62 түрін шығар­ған. Неліктен 62 екенін қазан­ғап­та­нушылар адамның алпыс екі тамы­рымен байланыстырады. Күйшінің «Алпыс екі тамыры бусанып» шығарған «Ақжелең» күйлері лирикаға құрылған.

Күйші көңіл күйін көтеріңкі ұстап, домбырасын қағып-қағып жіберіп, күй тартуға кірісті. Бұл – Қазанғаптың күй тартар алдында өзін әбден психологиялық жағынан дайындап, күй өнерінің терең тұңғиығына бойлайтын тұсы. Күй «Күй шақыру» деп ата­лады. Міне, осыдан кейін Қа­зан­ғап бабамыз бабына келіп, жиналған жұрттың құлақ құры­шын қандырған. Лири­калық жанрда шығарылған күйлері жеткізбек болған ойына, оқиға­лар мен құбылыстарға сай бірде кө­ңілді, бірде мұңды болып тө­гіледі.

Лирикаға тұнған алпыс екі «Ақжелеңді» махаббат ли­ри­касы, табиғат лирикасы, жан-жануар­ларға арналған лири­калық күйлер деп бөлуге болады. «Ақжелең» күйлерінің 15-і Балжан қызға арналыпты. Ма­хаббат лирикасы деген жік­теуге жататын осы күйлердің шы­ғу та­рихының өзі күй жанрын анық­тап тұрғандай.

Қазанғап қарақалпақ елін аралап жүріп, Уәли деген байдың үйіне түседі. Байдың Балжан атты 15 жастағы қызы бар екен. Көрікті, киім киісі, жүріс-тұ­рысы да ерекшеленіп тұрады. Қа­зан­ғаптың «Балжан қыз» деп аталатын күйлер циклы осыдан басталады. Күйші Уәли байдың ауылын өнерімен тәнті етеді. Біраз күн қонақ болғаннан кейін қайтуға жи­налған Қазанғапты байдың қызы Балжан қимастық сезіммен шы­ғарып салады.

Қазанғап арада екі-үш жыл өткеннен кейін қайта барса, Бал­жан қыз ұзатылып жатыр екен. Тойдың үстінен түседі. Күй­ші ағасын көрген еркін өс­­кен бұ­лаң қыз сағынышын жасыр­май, Қазанғапты күткенін, енді амалсыз ұзатылып бара жатқанын айтады. Қазанғап сол тойда «18 жасар Балжан қыз» деген күйін шығарады. Бірнеше күн тойдың сыйлы қонағы болған Қазанғапты жібергісі кел­меген Балжан қыз қайта-қайта күй тарттырады. Ақыр ая­ғында қыздың күйшіге деген сезімінен күдіктенген жеңгелері Қа­занғапқа қайтсаңшы дегенді айтады. Қазанғап қоштасар сәт­те тағы бір жаңа күй орындай­ды. Бұл күйдің қалай деп ата­латынын сұрағандарға айта қоймайды. Күй­дің мазмұнын түсінген Балжан қыз «Мұның аты – «Рұқсат берші, Балжан қыз» ғой» депті. Кейін арада жылдар өткенде бұрынғы ерке, шолжаң, бұлаң қылықтарынан арылып, байсалды әйел болған шығар деп ойлаған күйші «Балжан әйел» атты күй шығарады. Сондай-ақ, Қазанғаптың бүгінгі күні орындалып жүрген «Бұраң бел Балжан қыз» деген күйі бар.

Қазанғаптың «Көкіл», «Дүр­кін-дүркін дүние», «Дома­лат­пай Ақжелең», «Ілме», «Жа­ңылтпаш», «Қап, әттеген-ай» күй­лері лирикалық күйлерге жатады.

Күйшінің махаббат лирикасымен қатар, табиғат лирикасына жататын күйлеріне де тоқталып өтелік. «Жем суының тасқыны» күйінің орындалуын жіті бақылап отырсаңыз, өзен жай ағыспен ағып жатқан секілді. Саусақтар сағадан төмен қарай құлдилай түскенде судың толқынын, бірте-бірте қатты ағысын аңғарасыз. Ал пернелерді бірінен соң бірін алмастырған саусақтар домбыраның мойнына жеткенде тынши қалады. Өзен ағысын көз алдыңызға әкеледі.

Қазанғапта табиғатпен ұшта­сып жататын жан-жануарлардың ерекшеліктеріне, мінез-құлқына қатысты күйлер де жетерлік. Мәсе­­лен, «Торы жорға аттың бөге­лек қағуы», «Торы аттың кекіл қақпайы», «Майда қоңыр», «Ақ­сұңқар құс», «Бөгелек» күй­лері жан-жануарларға арнал­ған. Бірде Бүркітбай деген байдың жорға­сының жүрісіне, сұлу­лы­ғына сүй­сінген Қазанғап «Торы жорға ат­тың бөгелек қағуын» суат басында шығарған екен.

Қазанғапты қазақ халқының жыраулық дәстүрімен сусындап, қанына сіңіре білген және оны домбыра үні арқылы бейнелеген деп айтуға болады. «Ноғайлының бос­қыны», «Балжанның жыр күйі», «Бекеттің жыр күйі» ат­­ты күйлерін тыңдағанда құд­­­­ды бір эпостық жырларды тың­дағандай күй кешесіз. Қа­занғаптың эпостық жырлармен үндес күйлері сонау заман­нан келе жатқан ұлттық мұрамызбен сарындас шығып жатады. Қазанғапты батырлықты, азат­тықты аңсаған күйші ретінде «Жұртта қалған» күйінен тануға болады. 1916 жылы орыс патшасы қазақтарды қара жұмысқа алу туралы жарлық шығарғанда оған қарсы болған қыр қазағы ішке қарай үдере көшкен. Сол кезде көшуге мүмкіндігі жоқтар ескі жұртта қалып қойған. Жазықсыз зардап шеккен қазақтардың мұң-мұқ­тажын жоқтайтын «Жұрт­та қалған» күйі осы кезде шы­ғарылған.

Борсық құмы, Мұғалжар тауы, Жем-Сағыз, Арал, Қазалы бойын жайлаған шектілердің патшаның отарлық езгісіне қарсы күрескені тарихтан белгілі. 1847-1858 жылдары Есет Көтібарұлы бастаған шектілер бірнеше рет бас көтерулер жасаған. Есетпен қатар көтерілісшілердің басында Ерназар, Бекет, Әзберген тә­різді батырлар болды. Алай­да патша армия­сы бұл көте­рілістерді басып тастады. Міне, осы батырлардың ерлік жолда­рын Қазанғап «Ерназар, Бе­кет­тің зары», «Қос қыран», «Бекет­тің жыр күйі» күйлеріне арқау етті. Ал Ерназар мен Бекет­тің қамал­ғанына қиналған халық­тың мұңға толы көңіл күйін «Шы­рылдатпа», «Жіберсейші» күй­­лерімен жеткізді. Күйшінің жү­регі осы­лайша егілді.

Орысқа қарсы күй шығарған Қазанғаптың күйлері кешегі Кеңес өкіметіне ұнамайтын еді, күйшінің есімі мен күйлерін жарыққа шы­ғар­маудың бір себебі осында жатыр.

Қазанғаптың қай күйі де фило­софияға тұнып тұр. Оның ішінде халықтың көңіл күйін, асыл арманын үлкен ойтолғаммен жет­кізетін «Көкіл» күйі ерекше орын алады. «Жұртта қалған», «Өт­тің дүние, кеттің дүние!» күйлерінде қазақтың таза ой-арманы түзіл­ген. Әсіресе, «Өттің дүние, кеттің дүние!» күйі Үсен төреге арнал­ғанымен, онда Үсен секілді небір бай-бағланның тағдыры бір Алла­ның қолында екенін еске салады.

Қазанғап күйлерін хал-қаді­рімізше қарастырып, кейбір жанрлық ерекшеліктеріне тоқ­талдық. Алдағы уақытта қа­зан­ғап­танушылар, күйші-дом­бы­рашылар, өнер зерт­теу­­­шілері ұлы күйшінің күй­ші­лік ерекшеліктерін, өзге күй мектептерінен айырмашы­лық­тарын, жанрлық құрылымын зерттеп, ғылыми айналымға қо­сып жатса құба-құп болар еді.

Дереккөз: egemen.kz