- Негізгі бет
- Күй
- Қазанғаптың қанша күйі...
Қазанғаптың қанша күйі бар?
Қазанғаптың қанша күйі болғанын ешкім де тап басып айта алмайды. Бірақ оның тек «Ақжелең» күйінің өзі ғана 62 нұсқадан тұратынын қазанғаптанушылар айтып та, жазып та жүр. Ал одан басқа да Қазанғап домбырасының шанағынан көптеген күйлер төгілген. Күйлерін ұлы күйшінің өзінен үйреніп, жанында жүрген тікелей шәкірттері боп өмірден өткен Жәлекеш Айпақов, Кәдіралы Ержанов, Мәжит Бейсенбаев секілді көптеген домбырашы-күйшілер, арнайы Шалқарға келіп, Қазанғаптың күйлерін жазып алған академик Ахмет Жұбанов, экспедиция жасақтап келген Бек Сүлейменов, Мардан Байділдаев және басқа ғалымдар, Қазанғап күйлерін нотаға түсіріп, ғылыми айналымға қосқан Сәдуақас Балмағамбетов те Қазанғаптың күйлерін толық жинақтай алмады. Қазіргі кезде Қазанғап күйлерінің аттары белгілі болғанымен, оларды ешкім толық біле бермейді.
Қазақ музыкасын ғылыми тұрғыда зерттеп, тарихын жазған Ахмет Жұбановтың өзі сол замандағы салқын саясаттан зардап шекті. Ұлтының рухани ұлы мұраларын жарыққа шығарып, қазақ халқын әлемге танытпақ болған Ахаңның да қадамы аңдулы болды. Оның үстіне қазақтың тұңғыш лингвист ғалымы, КСРО Ғылым академиясының қазақ бөлімінің Президиум мүшесі Құдайберген Жұбанов 1937 жылы «жапон тыңшысы» деген жалған айыппен қамалып, көп уақыт өтпей атылып кетті. Соған қарамастан, ұлт-аспаптар оркестрін құрып, қазақ өнері мен мәдениетін шынайы зерттеуге кіріскен Ахмет Жұбановты феодализмнің қалдықтарын насихаттаушы деп сынап, мінегендер де табылды. Кейін өнертанушы ғалымдардың басты ғылыми құралына айналған «Замана бұлбұлдары» этнографиялық еңбегі 1940 жылдары жазылған екен. «Ескіліктің қалдықтары» насихатталған деген сынға ұшырап, туралып тасталған. Бұл ғылыми еңбегін А.Жұбанов қайта жазып, 1963 жылы ғана жарыққа шығара алған. Жан-жақтан болып жатқан түрлі қитұрқы қысымдарға қарамастан, Ахаң көптеген мәселені сыналап болса да кіргізіп жіберген. Қазанғап күйлерін зерттеу барысында да ызғарын төккен саясаттың ғалым құлашын жаздырмағаны анық.
Кеңес өкіметі тұсында Қазанғап күйлерінен де астар іздеушілер табылған.
Ахмет Жұбановтан бастап күйшіні зерттеушілерге қойылған кінәнің бірі – Қазанғап өз күйлеріне Кеңес өкіметінің жетістіктерін қоспапты. Қазақ даласында еркін жүріп, халықтың ықыласына бөленген, жаңа биліктің саясатынан хабарсыз, оның үстіне 1921 жылы дүние салған, Кеңес өкіметі тұсында төрт-ақ жыл өмір сүрген Қазанғап күй арқылы коммунизмді қайдан жырласын.
Күйшіге тағылған тағы бір айып – оның күйлері пессимизмге толы, қыз-келіншектерді күйге қосқан. Мұның бәрі әншейін еді. Айыптаушылардың астыртын кінәсінің басты мәні Қазанғаптың халық батырларын күй арқылы дәріптегенінде жатыр.
Қазақтың ұлттық болмысын, тұрмыс-тіршілігін, көшпенділіктен бастап бүкіл өмірін, өмір сүрген ортасын, мекенін, табиғатын ақындар мен жыраулардай жырлап беретін құдіретті бір күш күйде, күйшілік өнерде жатыр. Оғыз-қыпшақ кезеңінен жеткен күй аңыздарынан, оның ішінде Қорқыт ата күйлерінен бастау алған қазақтың күй өнері халқымыздың тарихын үнге қосып келеді. Кетбұға мен Боғда күйлері өз дәуірінен хабар береді.
Жалпы, қандай шығарма болса да, сол дәуірдің тарихи жағдайына, өмір сүру шындығына келіп тіреледі. Қазанғап та өз заманының тынысын домбыра арқылы сөйлетіп, халықтың көңіл күйін әуенге салды. Қазанғап күйлерінің өміршеңдігі де оның өнер ретіндегі биіктігі мен заманды суреттей білуінде жатыр.
Қазанғап күйлерін зерттеу кезінде оның шығармалары жанрының әртектілігін көруге болады. Қазанғап күйлері тұнық лирикалық сезімдермен қатар, үлкен философияға толы. Сонымен қатар, азаттықты ту еткен қаһармандық күйлері де бар.
Қазанғап күйлерін сөз еткенде, алдымен оның «Ақжелең» күйі еске оралады. Қазанғап «Ақжелеңнің» 62 түрін шығарған. Неліктен 62 екенін қазанғаптанушылар адамның алпыс екі тамырымен байланыстырады. Күйшінің «Алпыс екі тамыры бусанып» шығарған «Ақжелең» күйлері лирикаға құрылған.
Күйші көңіл күйін көтеріңкі ұстап, домбырасын қағып-қағып жіберіп, күй тартуға кірісті. Бұл – Қазанғаптың күй тартар алдында өзін әбден психологиялық жағынан дайындап, күй өнерінің терең тұңғиығына бойлайтын тұсы. Күй «Күй шақыру» деп аталады. Міне, осыдан кейін Қазанғап бабамыз бабына келіп, жиналған жұрттың құлақ құрышын қандырған. Лирикалық жанрда шығарылған күйлері жеткізбек болған ойына, оқиғалар мен құбылыстарға сай бірде көңілді, бірде мұңды болып төгіледі.
Лирикаға тұнған алпыс екі «Ақжелеңді» махаббат лирикасы, табиғат лирикасы, жан-жануарларға арналған лирикалық күйлер деп бөлуге болады. «Ақжелең» күйлерінің 15-і Балжан қызға арналыпты. Махаббат лирикасы деген жіктеуге жататын осы күйлердің шығу тарихының өзі күй жанрын анықтап тұрғандай.
Қазанғап қарақалпақ елін аралап жүріп, Уәли деген байдың үйіне түседі. Байдың Балжан атты 15 жастағы қызы бар екен. Көрікті, киім киісі, жүріс-тұрысы да ерекшеленіп тұрады. Қазанғаптың «Балжан қыз» деп аталатын күйлер циклы осыдан басталады. Күйші Уәли байдың ауылын өнерімен тәнті етеді. Біраз күн қонақ болғаннан кейін қайтуға жиналған Қазанғапты байдың қызы Балжан қимастық сезіммен шығарып салады.
Қазанғап арада екі-үш жыл өткеннен кейін қайта барса, Балжан қыз ұзатылып жатыр екен. Тойдың үстінен түседі. Күйші ағасын көрген еркін өскен бұлаң қыз сағынышын жасырмай, Қазанғапты күткенін, енді амалсыз ұзатылып бара жатқанын айтады. Қазанғап сол тойда «18 жасар Балжан қыз» деген күйін шығарады. Бірнеше күн тойдың сыйлы қонағы болған Қазанғапты жібергісі келмеген Балжан қыз қайта-қайта күй тарттырады. Ақыр аяғында қыздың күйшіге деген сезімінен күдіктенген жеңгелері Қазанғапқа қайтсаңшы дегенді айтады. Қазанғап қоштасар сәтте тағы бір жаңа күй орындайды. Бұл күйдің қалай деп аталатынын сұрағандарға айта қоймайды. Күйдің мазмұнын түсінген Балжан қыз «Мұның аты – «Рұқсат берші, Балжан қыз» ғой» депті. Кейін арада жылдар өткенде бұрынғы ерке, шолжаң, бұлаң қылықтарынан арылып, байсалды әйел болған шығар деп ойлаған күйші «Балжан әйел» атты күй шығарады. Сондай-ақ, Қазанғаптың бүгінгі күні орындалып жүрген «Бұраң бел Балжан қыз» деген күйі бар.
Қазанғаптың «Көкіл», «Дүркін-дүркін дүние», «Домалатпай Ақжелең», «Ілме», «Жаңылтпаш», «Қап, әттеген-ай» күйлері лирикалық күйлерге жатады.
Күйшінің махаббат лирикасымен қатар, табиғат лирикасына жататын күйлеріне де тоқталып өтелік. «Жем суының тасқыны» күйінің орындалуын жіті бақылап отырсаңыз, өзен жай ағыспен ағып жатқан секілді. Саусақтар сағадан төмен қарай құлдилай түскенде судың толқынын, бірте-бірте қатты ағысын аңғарасыз. Ал пернелерді бірінен соң бірін алмастырған саусақтар домбыраның мойнына жеткенде тынши қалады. Өзен ағысын көз алдыңызға әкеледі.
Қазанғапта табиғатпен ұштасып жататын жан-жануарлардың ерекшеліктеріне, мінез-құлқына қатысты күйлер де жетерлік. Мәселен, «Торы жорға аттың бөгелек қағуы», «Торы аттың кекіл қақпайы», «Майда қоңыр», «Ақсұңқар құс», «Бөгелек» күйлері жан-жануарларға арналған. Бірде Бүркітбай деген байдың жорғасының жүрісіне, сұлулығына сүйсінген Қазанғап «Торы жорға аттың бөгелек қағуын» суат басында шығарған екен.
Қазанғапты қазақ халқының жыраулық дәстүрімен сусындап, қанына сіңіре білген және оны домбыра үні арқылы бейнелеген деп айтуға болады. «Ноғайлының босқыны», «Балжанның жыр күйі», «Бекеттің жыр күйі» атты күйлерін тыңдағанда құдды бір эпостық жырларды тыңдағандай күй кешесіз. Қазанғаптың эпостық жырлармен үндес күйлері сонау заманнан келе жатқан ұлттық мұрамызбен сарындас шығып жатады. Қазанғапты батырлықты, азаттықты аңсаған күйші ретінде «Жұртта қалған» күйінен тануға болады. 1916 жылы орыс патшасы қазақтарды қара жұмысқа алу туралы жарлық шығарғанда оған қарсы болған қыр қазағы ішке қарай үдере көшкен. Сол кезде көшуге мүмкіндігі жоқтар ескі жұртта қалып қойған. Жазықсыз зардап шеккен қазақтардың мұң-мұқтажын жоқтайтын «Жұртта қалған» күйі осы кезде шығарылған.
Борсық құмы, Мұғалжар тауы, Жем-Сағыз, Арал, Қазалы бойын жайлаған шектілердің патшаның отарлық езгісіне қарсы күрескені тарихтан белгілі. 1847-1858 жылдары Есет Көтібарұлы бастаған шектілер бірнеше рет бас көтерулер жасаған. Есетпен қатар көтерілісшілердің басында Ерназар, Бекет, Әзберген тәрізді батырлар болды. Алайда патша армиясы бұл көтерілістерді басып тастады. Міне, осы батырлардың ерлік жолдарын Қазанғап «Ерназар, Бекеттің зары», «Қос қыран», «Бекеттің жыр күйі» күйлеріне арқау етті. Ал Ерназар мен Бекеттің қамалғанына қиналған халықтың мұңға толы көңіл күйін «Шырылдатпа», «Жіберсейші» күйлерімен жеткізді. Күйшінің жүрегі осылайша егілді.
Орысқа қарсы күй шығарған Қазанғаптың күйлері кешегі Кеңес өкіметіне ұнамайтын еді, күйшінің есімі мен күйлерін жарыққа шығармаудың бір себебі осында жатыр.
Қазанғаптың қай күйі де философияға тұнып тұр. Оның ішінде халықтың көңіл күйін, асыл арманын үлкен ойтолғаммен жеткізетін «Көкіл» күйі ерекше орын алады. «Жұртта қалған», «Өттің дүние, кеттің дүние!» күйлерінде қазақтың таза ой-арманы түзілген. Әсіресе, «Өттің дүние, кеттің дүние!» күйі Үсен төреге арналғанымен, онда Үсен секілді небір бай-бағланның тағдыры бір Алланың қолында екенін еске салады.
Қазанғап күйлерін хал-қадірімізше қарастырып, кейбір жанрлық ерекшеліктеріне тоқталдық. Алдағы уақытта қазанғаптанушылар, күйші-домбырашылар, өнер зерттеушілері ұлы күйшінің күйшілік ерекшеліктерін, өзге күй мектептерінен айырмашылықтарын, жанрлық құрылымын зерттеп, ғылыми айналымға қосып жатса құба-құп болар еді.
Дереккөз: egemen.kz
О. Сансызбай