Қазақтың күйшілері: Абылай хан

Қазақтың күйшілері: Абылай хан
Фото: kaz.tengrinews.kz

Уәлиұлы Абылай (Әбілмансұр) – төре әулетінен, қазақ халқының біртұтастығын сақтауда қыруар еңбек сіңірген әйгілі ханы, сонымен бірге, ХVІІІ ғасырдан күйі бүгінге жеткен санаулы күйшілеріміздің бірі. Ол өмір сүріп хандық құрған заман қазақ халқы үшін жойылып кету қаупі төніп тұрған, өлім мен өмірдің арасында күн кешкендей алмағайып заман болатын. Бұл жөнінде сол кездің дуалы ауыз ақыны былай дейді:

“Былай барсаң Қоқан бар – қоқаңдаған әкең бар,

Былай барсаң қалмақ бар – күшіңді еппен алмақ бар,

Былай барсаң қытай бар – жапырағыңды бұтай бар,

Былай барсаң орыс бар – балаңды берсең қоныс бар”.

Абылай ханның күйлерін тақырыбы жағынан болсын, әуен-сазының ерекшелігі жағынан болсын екі кезеңге бөліп қарауға болады. Біріншісі, жоңғар шапқыншылығы қабындап тұрған кезде нақтылы өмір құбылыстарына арнаған күйлері. Мұнда негізінен жаугершілік кездің жорықтары, соғыс зардабы мен жеңіс салтанаттары, батырлардың ерен ерліктері күй тіліне көшіп отырады. Екіншісі, тура шапқан жаудың беті қайтып, көшпелі өмірдің ырғағы қайта жанданып, Абылай ханның өзі байсал тарта бастаған кезде туған күйлері. Бұл күйлерінде өмірдің мән-мағынасы туралы ойлаған, ел қамы мен халық тағдыры жөнінде толғанған ойлы сезім белең алып жатады. Абылай ханның күйлері туралы Ш.Уәлиханов, А.В.Затаевич сияқты ғалым зерттеушілер алғаш пікір білдіріп, кейбір күйлерін нотаға түсірген.

Абылай ханның күйлері: “Ақ толқын”, “Бұлан жігіт”, “Дүние қалды”, “Жетім торы”, “Қайран елім”, “Қара жорға”, “Қоржын қақпай”, “Майда жал”, “Садақ қақпай”, “Сары бура”, “Шаңды жорық” т.б.

ulykbek.wordpress.com

@. @assel_assanova