«…1976 жылы сәуірдің аяғы, мамырдың басы, әскерден қайтып келе жатырмыз. Ресейдің көп қалашықтарының бірінен қазақтың бір шалы мен кемпірі пойызға отырды. Бір купеде болғаннан соң әңгімеден әңгіме шығады.
– Біздің де сен сияқты баламыз бар, әскерде, – деді әжей, – Германияда. Бір жылдан кейін келеді. Құдай жеткізсе.
Аздан соң шай алдырып, піскен ет пен бауырсақты алдыма үйіп қойды. Еділден өтіп қазақтың сары даласы басталғанда отағасы терезеге үңіліп аз отырды да, – Жарықтық, баяғы Бапастың табаны тиген жер ғой, – деді.
– Бапасыңыз – Дәулеткерей ғой? – дедім мен.
– Иә, – деді отағасы, – Ел ішінде әлі күнге дейін Бапас деп айтады.
Сөзден сөз қуалап отырып, қария, үлкен бір әңгімені қозғаған.
– Исатай мен Махамбет өлгеннен кейін Құрманғазы көпке дейін төрелермен қырғиқабақ болып жүріпті. Дәулеткерейдің де шабармандарына айбат шегіп, талай рет айтатынын айтыпты. Күндердің күнінде Құрманғазының ауылына Дәулеткерейден хабаршы келді, төре бүкіл домбырашыны өзінің ақ ордасына қонаққа шақырып жатыр. Бірақ бұл шақырыстың бір шарты бар, «Егерде Құрманғазы бұрынғы күрең қабағын қойып табалдырығымнан аттаса ғана басқалар шақырылады деп сәлем айтты төрем», дейді шабарман.
Құрманғазы ары ойлап, бері ойлап, ақырында Дәулеткерейдің ауылына аттаныпты. Төре қонақтарды жатқызып қойып көпке дейін келмепті. Ақыры бір аптадай жатып, қонақтар ақылдасыпты. Осылай қымыз ішіп, ет жеп жата береміз бе, Бапас енді көрінбесе, ауылымызға қайта береміз десіпті.
Сонда ғана Дәулеткерей қонақтарына келіп сәлем беріпті. Жұмысбасты болғанын айтып кешірім сұрап, қонақтармен мәжіліс құрып отырыпты. Содан домбырасын алдырып, құлақкүйін келтіріп айтты дейді. «Жамиғат, мен сендерді үлкен бір себеппен шақыртып едім. Жаңадан екі күй шығардым. Менің сыншым сендерсіңдер. Сендер не айтасыңдар — сол болады. Топан және Жігер деген екі бүркітім бар еді. Аңға шыққанда сол екеуінен бірдей айырылдым. Біреуі тасқа түсіп өлді, біреуін көкжал қасқыр шайнап өлтірді. Міне, сол күйді тыңдаңдар».
Бүкіл Бөкейдің күйшілері таңғажайып екі күйді тыңдап, ұнатып, сол жерде жаттап үйреніп елді-елге таратып алып кетіпті. Басқалар аттанып жатқанда Құрманғазы төренің ауылында қалып қойыпты. Келесі күні жолға шыққанда, Дәулеткерей төреде жоқ әдетпен қонағын бір көш жерге шығарып салыпты.
Сонда ауылдан ұзағаннан кейін Құрманғазы дүрс етіп аттан түсіп, Дәулеткерейдің үзеңгісінен ұстап тұрып кешірім сұрапты. Сөйтсе бұл екі күй, шындығында Исатай мен Махамбет сынды екі қыранға арналған екен ғой. «Мен ақ патша мен қазақтың арасындағы дәнекермін. Ал Исатай мен Махамбеттей ерлерім өлгенде мен де осы алаш құрлы қайғырдым. Мені сөкпеңдер» дегені екен ғой Дәулеткерейдің.
Осы әңгімені айтып бергенімде Асекең төмен қарап үнсіз отырып қалды.
— Иәә, – деді содан даусы сәл қарлыға, ауыр күрсініп, — Міне, қазақтың романистері қайда, қәне? Осыдан артық қандай тарих, қандай тағдыр керек? Қандай титандар, қандай заңғар тұлғалар…
— Шын ер, шын рыцарь үш нәрсеге – әйелге, жүйрік атқа, сұлу сазға бас ию керек, табынуы керек, – деген еді бірде Асекең, – Қазақта осы үшеуі де бар. Әсіресе, Тәттімбет пен Дәулеткерейде. «Көркем ханым» Дәулеткерейдің әйелге арнаған ең асқақ күйі. Дәулеткерейдің ұлы Салауаткерей де дәулескер күйші болған екен. Салауаткерейден Мәмен үйреніпті. Ал Мәменнің шәкірті өзіміздің Қали ақсақал. Қали Жантілеуовты айтам. Осы Қалекеңнің орындауында Мәменнің «Қаражан ханым» күйін тындадым. Айтарға сөз таба алмадым. Сол бұрыннан келе жатқан, Дәулеткерей жаңа арнаға түсірген ұлы дәстүр Мәменнің өнерінен тағы бір биік көрініс тауыпты. Осы Мәменнің бірде «Дүрбелең», бірде «Он жетінші жыл» деп тартылатын күйін тыңдағанда ғажап қалдым. Әлі күнге дейін бұл жұмбақты шеше алмай келе жатырмын.
Асекең шылымын асықпай тұтатып, әдетінше бөлменің ішін баяу кезіп, толғанып кетті.
— Өзің ойла. Бұл өте күрделі күй. Әрине, қазақтың күйлерінің көбі күрделі. Бірақ мынау басқа сападағы күрделілік. Құрманғазыға қатысты айтып, елдің барлығы жауыр қылған «симфонизм» деген сөз бар. Жауыр болса да айтайын, Мәменнің «Дүрбелеңі» – қазақтың симфониясы.
— Жалғыз дауысты емес пе, — дедім әдейілеп, — Монодия ғой.
— Сенің айтып отырғаның форма, — деді Асекең. — Менің айтып тұрғаным — музыканың рухы, қабылдаудың деңгейі.
Асекең жымиып күлді.
— Аравиннен осы жайында сұрап едім, дерек тарап кетеді деді ме, әйтеуір ештеңе айтпады. Бар болғаны «Мен Дәулеткерей туралы ұланғайыр материал жинадым, енді кітап жазғалы жатырмын» деді. Кейіннен бұл мәліметті мүлдем басқа жақтан алдым. Дәулеткерей орыстың қалаларына барып, орыс дворяндары сияқты киініп, опера мен симфониялық концерттерді тыңдайды екен. Оның күйлеріндегі ерекше алымдылық осы жаңа, қазақта бұрынсонды болмаған музыкалық тәжірибеден тамыр тартып тұр. Мадьярдің әуендерін еуропалық классикамен астастыра білген Ференц Лист пен Бела Бартоктан қай жері кем, айтшы өзің.
— Сонда, сіздің ойыңызша, қазақ симфонизмі он тоғызыншы ғасырдың ортасынан бері қарай өз-өзінен пайда бола бастаған ғой? — деп сұрадым мен.
— Тұра үстінен түстің, — деді Асекең, – Симфонизм советтік кезеңнің жемісі емес, баяғыда, бір ғасыр бұрын пайда бола бастаған. Бастауында ұлы Дәулеткерей тұр. Симфонияны совет заманында жаңадан, екінші рет ойлап шығарып керегі жоқ еді.
— Мұндай күпірді айтудан қорықпайсыз ба? – дедім қалжыңдап.
— Жоқ, – деді Асекең, – Ол аз болса, айтайын, қазақ музыкасының тарихы қайтадан жазылуы керек. Және ол тарих жазылады да. Мен бұған Құдайға сенгендей сенемін».
Таласбек Әсемқұлов