Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмы деген жерде дүние есігін ашқан Дина 9 жасында-ақ ауылында "домбырашы қыз" деген атқа ие болады. 1870 жылы өнерде алғаш тұсауын кескен ұстазы Құрманғазы Сағырбайұлымен кездеседі.
Жас қыздың ерекше дарынына риза болған Құрманғазы: "Менің оң қолым мен Динаның сол қолын бір кісіге берсе, дүниеде одан асқан домбырашы болмас еді" деп, үлкен баға берген екен. Жас таланттың домбырада ойнауын қадағалап, бағыт-бағдарын байқаған дәулескер күйші одан болашақта үлкен өнер иесі шығатындығына көзі жетіп, өзінің қамқорлығына алады. Сөйтіп, бір топ домбырашымен бірге Құрманғазыдан сабақ алған Дина Түркештің, Соқыр Есжанның, Мүсірәлі мен Әлкейдің, Дәулеткерейдің күйлерін нақышына келтіре орындайтын болған.
Дина өз күйлелерін суырып салма құрылымда еркін тартқан. Ол күйлердің негізгі композициялық принциптерін сақтай отырып, əр тартқанында күйін жаңаша түрде орындайтын болған. Батыс Қазақстан күй формасына сүйене отырып, Дина күй құрылысын өзінше дамытқан. Бас буын мен орта буын аралығындағы күй тақырыбы дəстүрдегідей өзгермей дəл сақталса да, күй құрылысындағы басқа буындар үнемі өрнектеліп, құбылып отырады. Кіші сағаның өзінде дəстүрлі үстіңгі ішекте жүретін өрнек жоқ, ол күйдің даму бөлімін құрайды. Дина күйлеріндегі оң қолдың қағыс техникасы мен сол қолдың аппликатуралық тəртібі өз алдына бір төбе. Борандатып келе жатқан күй сарынының кілт тоқтап, басқа екпінге ауысуы Дина күйлерінде жиі кездеседі. Сонымен қатар, күй ырғағының үнемі құбылып отыруы да басты қасиет саналады.
Назарларыңызға Дина Нұрпейісованың белгілі 6 күйін ұсынамыз.