Зорлық-зомбылық кезінде сақтану шарасы
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғану, басқа түскен сәтте не істеу керегі жайлы бұл жерде де айтылуы керек. Қыз-келіншектердің бірі білсе, бірі білмес. Өзіңіз не танысыңыз құрбаны болса, осы кеңестер мен жасалуы іс-әрекеттерді ескеріңіз.
1. Бірден полиция шақыру. Полицияны балалар, көршілер, жақын туыстар да шақыра алады. Қасыңыздағы адамға полиция шақыруды үйретіп қойыңыз. Қорықпай, табанды болып, бастаған істі соңына дейін жеткізіңіз;
⠀
2. Арыз жазып, ұрып-соққанын, жарақатты тіркетіңіз, міндетті түрде сот-медициналық экспертизадан өтіңіз;
⠀
3. Жарақат ауыр болса, міндетті түрде жедел жәрдем шақырыңыз, не болмаса ауруханаға барыңыз, күйеуіңіз не басқа туысыңыз ұрғанын (!) айтыңыз. Жалпы ауруханаға барып, дәрігерге жарақатты тіркетіңіз, бұл кейін сотта керек болады;
⠀
4. Полициядан әлгі адам сізге жақындамасын деп ұйғарым талап етіңіз;
⠀
5. Істі сотқа жібер деп талап етіңіз;
⠀
6. Соттан максимум жаза сұраңыз. Бірінші татуласу кезінде не болса да көнбеңіз. Әйтпесе полиция енді сізге сенбейді, әрмен қарай көмектеспейді;
⠀
7. Жақындамау туралы ұйғарымды бұзса, қайтадан сотқа беру керек;
⠀
8. Жақындамау туралы ұйғарымды бұзғаны үшін соттан максимум жаза мен әрекетке арнайы талаптар қоюын талап етіңіз;
⠀
9. Арнайы талаптарды бұзса, тағы сотқа бару, жалпы барлық факттарды осылай сотқа беріп отыру керек;
⠀
10. Әрі қарай да бұза берсе, қылмыстық жауапкершілікке тарту;
⠀
11. Ең бастысы, балаларыңыз болса, әрбір құқық бұзған жағдайдан кейін балаларды қорғау органдарына хабарлаңыз, жолдасыңызды агрессив ата-ана деп, тіркеуге қойыңыз.
⠀
12. Сондай-ақ, қолыңызда агрессорды әкімшілік жазаға тарту туралы соттың қаулысы болса, моральдық шығын алу үшін сотқа берсеңіз болады. Әсіресе, қоқан-лоқы көрсеткен адам бұрынғы күйеуіңіз, азаматтық некедегі адам, сізді аңдып жүрген жігіт болса.
⠀
Полиция шақырмасаңыз, бірақ тұрақты түрде ұрып-соға берсе, күндердің бір күні ажырасқыңыз келеді. Бірақ оған дейін былай болады. Бұл зорлықшылардың бесенеден белгілі әрекеті:
⠀
1. Сізге дос-жаранмен, туыстармен араласуға әйтеуір бір себеп тауып тыйым салады;
⠀
2. Айлығыңызды алып алады, не жұмыс істетпейді;
⠀
3. Бір емес бірнеше кредит алғызады да, өзі жұмсап қояды;
⠀
4. Барлық дүние-мүлікті туыстарының атына жазғызып қояды. Некеге дейінгі дүние-мүлікті де. Қорқытып болсын, алдап болсын;
5. Сіз кетіп қалады-ау деп қауіптенсе, бірінші өзі барып арыз тастауы мүмкін. Сізді нашар жар, жаман ана етіп көрсетеді. Балаларға қамқорлық органына үстіңізден шағым түсірсе, таңғалмаңыз.
6. Заңды, заңсыз жолмен балалармен араластырмай қояды.
7. Ең қорқыныштысы – қол жұмсау, қандай қиындық көрсеңіз де, бұндай әрекетке бармаңыз, балаңызды ойлаңыз.
8. Сіз өзіңіз айтпасаңыз, сырттан біреу келіп, жағдайыңызды, мәселеңізді шешіп бермейді. Көмек сұраудан ұялмаңыз.
9. Полицияның әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімімен байланыста болыңыз.
Г. Берік