Үй қызметшісінің әңгімесі: Байлар шындығында қалай өмір сүреді?
Үй қызметшілерін ешкім байқамайды деуге болады. Байлар оларды үйіне келіп, жұмысын істейтін «роботтар» ретінде ғана қабылдайды. Дегенмен, олар бәрін естиді және бәрін көреді. Сондықтан олар жұмыс берушілерінің өмірін жақын туыстарынан да жақсырақ біледі.
2010 жылдың жазында Стефани Лэнд өзінің жаңа жұмыс берушісін жолықтырады, оны кейін «Темекілі бикеш» деп атап кетеді.
Ол кезде жазушы болуды армандайтын талантты қыз қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатқан еді. 20 жасында ол жалғызбасты ана атанды және күнкөріс үшін Вашингтон штатында үй қызметшісі болып жұмысқа тұрады. Оның міндетіне америкалық элитаның сәнді үйлеріндегі ас үйлер мен жуынатын бөлмелерді бірнеше сағат бойы тазалау кірді.
Ол жұмыс берушілерімен ешқашан сөйлеспейтін. Олардың көпшілігі мұны есіне де алмайтын шығар. Бірақ Стефани бұл адамдар туралы көп нәрсе біледі, тіпті өзі қалағаннан да көп. Ол алғашқы медициналық көмекке арналған қобдишаларды сұрыптап, фотосуреттер сөрелеріндегі шаңды сүртіп, бірте-бірте өткен қайғылы оқиғаларға, қаржылық қиындықтарға және отбасылық құпияларға үңіле түсті.
Ол сол детальдарға қарай отырып, байлардың өмірін ойдан құрастыратын: «Бұл өзімді жалғыз сезінетін қызықсыз жұмыста көңіл көтерудің бір жолы болды», - дейді ол.
Сөйтіп жүріп Стефани өзі жұмыс істейтін зәулім үйлер мен оларда тұратын адамдарға лақап аттар ойлап тапты - «Мұңды үй», «Фермерлер мекені», «Шеф аспаз үйі». Бірақ оны магнат күйеуімен гольф алаңының жанындағы сарайда тұратын орта жастағы үй шаруасындағы әйелден басқа ешкім баурап ала алмады. Бұл әйелдің өмірінде бәрі тамаша болатын. Тіпті шашы мен макияжының өзі сұлулық салонынан 5 минут бұрын шыққандай көрінетін. Кейін ол мінсіз әйелдің осал тұстарын анықтай бастайды...
Осы секілді барлық жұмыс берушілері туралы әңгімелер жазуды қолға алады.
2019 жылы жарияланған Стефани Лэндтің мемуарлары бестселлерге айналады.
Стефанидің кітабына 10-ға жуық продюсерлік компания қызығушылық танытты. Соңында Netflix фильмді экранизациялау құқығын сатып алды, ал 2021 жылдың күзінде стримингтік платформада «Үй тазалаушы. Жалғызбасты ананың оқиғасы» аталатын сериал шықты. Стефани Лэндтің өміріне негізделген жалғыз басты ананың хикаясы. Ондағы басты рөлді атағы шарықтап келе жатқан Маргарет Куэлли ойнады.
Онда ала таңнан қара кешке дейін байлардың үйін жинаған қыздың элита өміріне қатысты ашық ойлары айтылады. Қарапайым халық үшін бұл шынымен күтпеген жайт болды. Тіпті сол байлардың өздері үшін де.
А. Оралқызы