- Негізгі бет
- Құпия
- Ұстазыма деген жауапсыз...
Ұстазыма деген жауапсыз махаббатымды қайтемін?!
Құрметті құрбылар! 10 сынып оқушысымын. Шағын ауданда тұрамын. Осы жылдың басында мектебімізге тарих пәнінен беретін жаңа мұғалім келді. Ол мені ғана емес, барлық оқушыны, тіпті барлық мұғалімді өзінің терең білімімен тәнті етті. Білмейтіні жоқ, сұрасаң, кез келген сұрағыңа жауабы дайын, оның үстіне өте сымбатты... Жасы 26-да. О. ағайды бәріміз бірден ұнаттық. Соның ішінде менің оған деген сезімім ерекше болды. Шынымды айтсам, тарихты бастан-аяқ сол ағай үшін жаттап алдым десем де болады. Тарих пәні болатын күнді асыға күтем. Ағай сыныпқа кірген кезде, жүрегім аттай тулап, дүрсілдеп сала береді. Өзімді әзер басып, сабақты да жақсы айтуға тырысам. Күн сайын ағайыма деген сезімімді күнделік бетіне түсірем, оны жан құрбыма оқытам. Жасырын нөмірмен ағайыма қоңырау шалам да, "алло?" дегенін естіп, тұтқаны қоям. Бір күні әлеуметтік желідегі жеке парақшасына басқа қыз болып тіркеліп, достық жіберіп, "сәлем!" деп жазып көрдім. Ағайым "сәлем!" деп жауап жазды. Сөйтіп күнде ағайыммен үлкен қыздарша сөйлесіп жүрдім. Ол мен екенімді білмейді. Бір күні "қолың бос болса, жолығайық" деп жазып жіберіпті. Мен жауап жазбай, осының бәрін жан құрбыма айттым. Сол күні әңгімелесіп отырғанымызда жан құрбым "екі аптаға айфоныңды бере тұршы, әпкем Көкшетауға демалысқа баратын еді, соған жақсы телефон керек" деп сұрады, айфонымды анам несиеге алып берген, сондықтан мен оны бере алмайтынымды айттым. Ал "жан құрбы" деп жүрген адамым болса, "саған керегі осы ма?!" дегендей, сырымды сол күні-ақ бәріне жайып салыпты. Содан сыныпқа кірсем, бәрі біліп алған, мазақтай жөнелмесі бар ма?! Қатты ұялып, сол күні сабақта отыра алмай, үйге қайтып кеттім. Үйге келіп, өкіріп жыладым. Бірақ амал жоқ, келесі күні сабаққа баруға тура келді. Ол күні бүкіл мектеп менің сезімім туралы біліп алған. Ешкімнің бетіне қарай алмай, содан кейін 1 апта үйде ауырып жаттым.
1 аптадан кейін дәл тарих сабағы болатын күні О. ағай келмей қалды. Оның орнына Ж. апай сабақ берді. Көңілім алабұртып, ағайымды іздедім. "Мен үшін сабаққа келмей қалды ма?" деп ойладым. Бірақ бейсенбіде болған тарих сабағында ағайым келді. Мен ол кісіні көргенде, жерге кіріп кете жаздадым. Өйткені вконтактемен басқа қыз болып ашып алған аккаунтым арқылы ағайыммен түрлі тақырыпта сөйлескен едім. Ұяттан өртеніп отырғанымда, ағайым ештеңе болмағандай сабақ бастай берді. Сабақтың соңында бәрі үзіліске шыққанда ол орнынан тұрмай отыра берді, мен не істерімді білмей, бәрінің артынан шығып бара жатқанымда: "Соңғы сабақтан кейін 10 минутқа қал, сөйлесеміз" деді тек маған естіртіп. Сол сөзі естігенде, қандай күйде болғанымды білсеңіздер ғой?!
Содан не керек, ағайым соңғы сабақтан кейін ешкім жоқта келіп мұғалімдер үстеліне отырды. Мен оның алдындағы партаға жайғастым. Ағайымның бетіне тіке қарай алмай отырғанымда, ол маған жақын келіп, өрттей болып қызарған бетіме қарап: "Сенің қандай ұяң, ұятты қыз екеніңді білемін, бірақ кейде соқыр махаббат адамды қате қадамдарға итермелейді. Қателесуден абай бол. Менің әйелім, екі балам бар. Олар қазір менің жанымда емес, бірақ келесі жылы қасыма алдырамын. Мен оларды сырт көзден жасырамын. Бірақ отбасына келгенде, менен өткен қамқор әке, адал жар жоқ. Қазіргі ең басты мақсатың – оқу", - деді. Сосын сөмкесін алып, шығып кетті.
Бұдан кейін менің оған деген сезімім өшуі керек еді. Бірақ керісінше, өрши түсті. Күннен-күнге ұлғайып, бүгінде оны бір көрмесем, тұра алмайтын халге жеттім. Көңіл құрғыр оның отбасылы адам екеніне сенбейді, өйткені, ағайыммен жақсы араласатын көп адам оның бойдақ екенін айтқан. Оның үстіне вконтактеде басқа қыз болып сөйлескенде: "жолығайық" деп айтты ғой. Егер үйленген болса, солай жаза ма?! "Менің тауымды қайтару үшін солай деді" деп ойлаймын. Енді шынымен өзі айтпақшы қате қадам жасауға келе жатқан сияқтымын. Ұяттың бәрін жиып қойып, түн ортасында оған бұрынғыдай жасырын нөмірмен емес, өз нөміріммен қоңырау шалатынды шығардым. Ол соңғы кезде басып тастайтын болып жүр. Бір рет кешқұрым ағайым тұратын үйге жақын барып, біраз уақыт бақылап тұрдым. Басқа да әрекеттерге барып жүрмін, бәрін айтуға ұяламын. Ағайымның мені күннен-күнге жек көріп бара жатқанын байқаймын. Себебі мені көрген кезде жыны келіп, суық адамға айналып кетеді. Көзқарасы да нашар. Дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін басқа жас ағай екеуі көбіне бірге жүреді. Бір күні әлгі дене шынықтырудан беретін ағай сәлемімді алмай өтіп кетті. О. ағайым болса, менен сабақ сұрамай, үштік бағаны толтырып қойып тастапты. Осының бәрі жүрегіме тікен болып қадалады. Бірақ өз-өзіме әлім келер емес. Бұл сезіммен қалай күресемін? Әлде қалаға кетіп қалсам ба екен?
Автор: Құпия қыз
Сурет: appleinsider.ru
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com
Р. Роза