Үш жігітке бірдей үміт беріп жүрмін

Үш жігітке бірдей үміт беріп жүрмін

Қымбатты "Құпия" айдары! Сырт көзге салмақты, салиқалы, сұлу қыз болып көрінсем де, ішімде басқа жан жатқан сияқты. Өйткені қатарынан бірнеше жігітті бірдей ұнататын әдетім бар. Бұл сезімімді өзім де түсінбеймін. 

Қазір мені ұнатып жүрген өзіме ұнайтын 3 жігіт бар. Әрине олар бір-бірін танымайды. Әрқайсысымен кездескен кезде, үшеуіне де жылы қабақпен қарап, үшеуіне бірдей үміт беремін. Десе де бұл әрекетіме нүкте қойылатын кез келері анық. Өйткені әр нәрсенің сұрауы бар. Кейін "жауабың не болды, қызым боласың ба, жоқ па?" деп нақты жауабымды сұрайтыны анық. Сол кезде кімді таңдарымды білмеймін. Өйткені үшеуі де ұнайды. 

Құрбыларым "сенікі өтірік сезім, нағыз махаббат басыңа келгенде осылай жүрмейсің" дейді. Бірақ егер олар маған ұнамаса, неге олармен кездесіп, тіпті (ашық айтсам ренжімеңіздер) сүйісуге дейін барып жүргенімді түсінбеймін. Жаман ойлап қалмаңыздар, одан әрі аспаймын. Әлде менікі көңіл көтеру ғана ма?

Анаумен кездескенде, анаусы, мынаумен кездескенде, мынаусы ұнайды. Бір күні "екі қайықтың басын ұстап жүріп, суға кетіп қалмасам" болды... 

Үш жігітті бірдей кең тұсауға салып жүргенім дұрыс емес екенін білсем де, өзімді көндіре алар емеспін. Кейде "мейлі, бірнеше қызбен қатар жүріп, жылататын жігіттер де бар ғой, ендеше менің де құқығым бар" деп те ойлаймын.   

Не айтасыздар?

Автор: Құпия қыз

Сурет: psyazbuka.com

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

Р. Роза