Үнді жігітіне тұрмысқа шығып, Үндістанда тұрғым келеді

Үнді жігітіне тұрмысқа шығып, Үндістанда тұрғым келеді

Семей қаласының университетінде оқып жүргенде таныстық. Ол мені өзіне бірден баурап алды. Демалыстарда үйіне кеткен кезде күн тұрмақ, сағат санап күтетінмін. Ұлты үнді болғандықтан, әке-шешем қарсылық танытып жүр. "Оқу бітірген соң, ол еліне кетеді, содан қайтып келмейді, босқа жүрегің жараланып қалады", - дейді. 

Расымен ол еліне кеткен кезде біраз уақыт хабарсыз кетіп, қайтып пайда болады. Онысын "желі дұрыс ұстамайды" деп түсіндіреді. Бір ұнайтыны – романтикаға өте жақын. Гүл әкеліп, жылы қабақ танытса болды, бірден бүкіл ренішімді ұмытып кетем. Бірақ менікі құр үміт сияқты. Өз елінде отбасы, бала-шағасы бар ма, кім біледі... Қазақстан туралы оған әкесі айтқан. "Осы жақта медицина жақсы дамыған", - деген соң Семейге медицинаға келіп түскен. 

Бірақ қарым-қатынасымызға нүкте қоюға жүрегім дауаламайды. Ол тұрмақ, осы жігітке тұрмысқа шығып, Үндістанға кетсем деп те армандаймын. Айтуынша, тұрмыстары нашар. Бірақ соған қарамастан қымбат киініп, жақсы өмір сүреді... 

Қазір еліміздің арналарында үнді сериалдары жүріп жатқан сайын, сол жақта өмір сүруге деген құштарлығым күннен-күнге нығаюда... Үндістан туралы айтылса, елең етем. Жігітіме деген махаббатым да күн санап ұлғаюда. Қарым-қатынасымыз жақында бітетінін білсем де, өз-өзіме еш нәрсені мойындамаймын. Тек құр үмітпен күн кешудемін... 

Автор: Құпия қыз

Сурет: astrolila.ru

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

Р. Роза