- Негізгі бет
- Құпия
- Ұмытқым келмейді...
Ұмытқым келмейді
Менің басымда ғана ма, әлде барлық адамға таныс күй ме бұл?! Өміріңде бір адам пайда болады, ол өміріңе қалай кіріп кеткенін байқамай да қаласың. Содан соң ол сенің өміріңде мүлдем болмағандай бөтен адамға айналып шыға келеді... Екі жолдың уақытша ғана тоғысуы ма бұл?
Мен оны кездестірген сәтте аса мән бермеген едім. Араға уақыт салып менің қимасыма айналатынын кім біліпті... Мен оған кел деген де, кет деген де жоқпын. Шақырусыз өзі келді, ештеңені түсіндірместен өзі кетіп қалды... Мен де қал демедім. Неге екенін өзім де білмеймін, мүмкін намыстандым, мүмкін ол үшін менің сөзім маңызы жоқ деп ойладым.
Одан бері 2 жыл өтті. Оны әлі ұмыта алмаймын. Ұмытқым да келмейді. Керісінше кейбір қылықтарын ұмыта бастасам шошып кетемін, оны ұмытсам біржола айырылып қалатындаймын, жібергім келмейді. Осылайша өз-өзіммен арпалысып жүрмін.
Тұрмысқа шықсам да оның орны мен үшін әрқашан бөлек болатын шығар. Өмірімде кездескен адамды бірден сол жанмен салыстырамын. Осы жағдайда сол болса былай істейтін еді деген ойлар келеді.
Қызық... Үйленіп, отбасын құрған, балалы-шағалы барлық адамның өмірінде осындай адам бола ма екен? Жүрек түпкірінде ұмытылмас сол бір жан...
Мен оны ұмытқым келмейді, ұмытсам бар қызығымнан айырылып қалатындаймын! Бұл қаншалықты дұрыс?
Автор: Құпия
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі – біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі – біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com
@. @assel_assanova