Толық әрі ұсқынсызбын...

Толық әрі ұсқынсызбын...

Массагет сайтының "Құпия" айдары! Мен де сіздермен өз оқиғамды бөліспекке бел байладым. 

Тараз қаласының 8 сынып оқушысымын. Ата-анам қарапайым жандар, анам - еден жуушы, әкем - жұмыссыз. 

Кейде әке-шешеме іштей ренжимін. Бірақ менің де өз уайымым бар. Мен толық әрі ұсқынсызбын. Вальс билеген кезде мені ешкім вальске шақырмайды. Сол үшін де көбіне отырыстарға бармаймын. Кей кезде жан баласына көрінбей оңашада жылап алам. Өз жасымнан үлкен көрінем, қыздар сабақ бітіп, көшеге шыққанда менің жанымда жүруге ұялатын сияқты. Көшеге шыққан бойда мені танымайтын кейіп танытатын адамдар көп. 

Сыныпта Ж. деген қыз екеуміз бөлек жүреміз. Анам: "оқушы кезіңде жігітпен жүрме!" деп құлағыма құйып отырады. Бірақ сыныптағы қыздың бәрінде дерлік жігіт бар. Мен кейде оларға қатты қызығып кетем... Маған "сені жақсы көрем" деп айтқан бірде-бір бала болмапты. Болмайтын да шығар... 

Киноларда толық қыздар үнемі күлкілі рөлдер ойнайды. Оларға қарап адамдар күліп, мазақ етіп, көңіл көтереді. Осы жайт та жүрегіме қатты батады. 

Толық болған соң киген киімім де жараса бермейді. Мен сияқты семіз қыздар арықтағанын интернеттен көремін. Бірақ оған сенбеймін, себебі жасамаған жаттығу, ұстамаған диетам жоқ. Мен семізбін, иә. "Семіз адамдардың жақсы өмір сүруге құқығы жоқ па сонда?" деп қатты налимын. Кеңес беріңіздерші...

Автор: Құпия қыз

Сурет: wikihow.com

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

Р. Роза