- Негізгі бет
- Құпия
- Сырласқым келеді...
Сырласқым келеді
Сәлем, Массагет. "Құпия" айдарының ашылғанына қуаныштымын. Кейде іштегіңді ешкімге айта алмай қиналасың, бірақ тығырыққа тіреліп, шығар жол таппай қалатын кездер болады. Тіпті, аса бір қиын жағдай болмаса да, сырыңды айтып, сенің проблемаңа объективті пікір айта алатын адам табылмайды. Туысыңа айтсаң да, құрбыңа айтсаң да, сүйіктіңе айтсаң да, олар сенің проблемаңды емес, алдымен өзіңді көреді, демек мәселеге тек біржақты қарайды.
Менің басымдағы жағдайды мәселе деуге келмес, бірақ бір нәрсе жүрегіме маза бермейді. Қыздардың бәрі де махаббат жайлы мұң шағып жатады ғой, менікі де сол баяғы махаббат жайлы сыр.
Жиырма жасар жас қыз емеспін, қазақтың "отырып қалған" деген сөз тіркесін маған қолдануға болады. Осы жасыма келіп айтарлықтай жетістікке де жетпедім. Әйтеуір әке-шешемнің қасында жүрмін жүк болып.
Сүйген адамым бар. Қатты сүйемін. Сыйлаймын. Онымен отбасы құрып, әке-шешесіне келін болғым келеді. Бірақ...
Бірақ біз екеуміз екі түрлі әлембіз. Ол мені, мен оны түсінбеймін. Мүлдем. Кейде аяқ астынан жанжал шығып, ұрсысып қаламыз.
Әрбір адам бір бөлек әлем. Әркімнің өткені бар, өткен күннен арқалар келген жүгі бар, қайғысы бар, қуанышы бар. Өткен күннің тәжірибесінің арқасында қазіргі мінезіміз қалыптасып, бой түзедік.
Әрбір адам бір бөлек тарих. Қазбалай берсең, шыға береді. Бетін сипап қойсаң, ана жерде бір, мына жерде бір артефактар төбесін көрініп, жасырып қойған ұсқынсыз құпиялар төбесі ашылып жатады.
Әрбір адам бір бөлек тұлға. Тұлға болған соң әр адамның өз армандары, тілектері, көзқарасы, мақсаттары, приоритеттері, принциптері болады. Соларға түсіністікпен қарап, қабылдай білу керек деп есептеймін.
Ал біз екеуміз осының бәрін кейде елемей, ұмытып кетеміз.
Мен өзімді періште санамаймын. Мінезімнің де керемет болып тұрғаны шамалы.
Мені қатты мазалайтын дүние, отбасы құрып, шаңырақ көтерсек, мына түрімізбен оңды жұп бола аламыз ба екен?
P.S. Қыздар, көп жүрмей, ең тәтті сезімнің жетегінде жүрген сәтте отбасылы болып алыңыздар. Әйтпесе, отыздан асып осындай нәрселерге мазасызданып жүресіңдер.
Автор: Құпия қыз
Сурет: temptress.ru
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com
Р. Роза