Осыдан бір жыл бұрын бақыттан басым айналып жүретін. Менде барлығы да болды: сүйіктім, құрбым, ата-анам, достарым. Бір-бірімізді сөзсіз түсініп, сыр бөлісетінбіз. Қиялымдағы жігітімді де жолықтырдым. Әлемдегі ең жақсы, мені барынша аялай білетін жігіт десем, қате айтпаймын. Құрбым Мейіржан деген жігітке ғашық болып, онымен жүре бастады. Бір қызығы, бұл жігітті мен де сүйіп қалдым. Мейіржан менің жігітімнің ауылдасы болып шықты. Екеуі бір-бірін жақсы таниды екен. Оның құрбыммен жүріп жүргенін естіген кезде, өзімді қоярға жер таппадым. Өзімнің жігітімді де ұнатамын, бірақ Мейіржанға қатты ғашықпын. Күн өткен сайын сезімімді жасыра алмайтындай күйге жеттім.
Бір күні құрбымның телефоны менің үйімде қалып кетіпті. Өзінің уақыты болмағандықтан, Мейіржанға өтініш білдірген екен. Сөзіме сенбейтін шығарсыздар, бірақ үйіме келген кезде Мейіржан да маған ғашық екенін айтты. Екеуіміз осы сәттен бастап, ешкімге айтпай жасырын кездесе бастадық. Жігітімді тастап, құрбыммен айырылысып кете алмадым. Ол да бала досы мен менің құрбымды қимады. Мен оны ешкімді сүймегендей сүйдім. Бірақ ары қарай қалай өмір сүретінімізді білмей, қиналып кеттік. Жаныңа жақын адамдарға өтірік айту қиын екен.
Кездесіп жүргенімізге бір жыл толған кезде Мейіржан мен құрбымды сыртынан көріп қалдым. Олар мені басынан алдап жүр екен. Жүрегім аспанға ұшып кеткендей болды. Кеудем сыздап ауырады. Қазір олар бірге, бақытты ғұмыр кешуде. От болып жанған сезім су сепкендей басылды. Енді жігітім де, құрбым да жоқ. Тәтті күндердің жалған екеніне көзім жетсе де, жанымды жегідей жеуде. Барлығы өзімнің айыбым екенін жақсы түсінемін, бірақ жүрегім қатты ауырады. Бұдан кейін ешкімге сене алмайтын сияқтымын.
Мейіржаннан кейін басқа жігітпен кездесе бастадым. Ол сүйем деп айтса да, сөзіне еш сене алмаймын. Аккаунттарының құпия сөзін білемін. Оны минут сайын тексеріп, жазған қыздардың кім екенін сұрай беремін. Бұл – махаббат емес, бар болғаны мені жеңген қорқынышым секілді. Енді қайтсем екен? Маған кеңестеріңізді айтыңыздаршы.
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com