Қымбатты достар! Мен ауыл тәрбиесін көрген қазақ қызымын. Жоғары білімім бар, қазір гимназияда мұғалім болып қызмет атқарамын. Жас мұғаліммін, әрине. Менің таңдауым жақсы бір жігітке түсті. Ол да жоғары білімді, ағылшын тілінің мұғалімі. Бір гимназиядамыз.
Мен сияқты ұстаз үшін бұл әңгіме орынсыз шығар. Пікірмен жұмыртқа лақтыратындар да кездесер. Оны ішім сезеді, бірақ, мына заманда "жыртық тесікке күліпті" дегендей, кім-кімнің де басында небір қиындық бары рас...
Жігітімнің жағдайы нашар, әке-шешесі ерте қайтыс болып, көп қиындық көрген. Бастан кешкен оқиғаларын айтқанда, жаным түршігеді. Соның бәріне мойымай, міне, өз дегеніне жетіп, ағылшын тілін меңгеріп, гимназияда мұғалім болып отыр. Осы үшін қатты құрметтеймін. Болашақта бірге болсақ, бақытты, зиялы отбасы боламыз деп сенемін.
Жағдайы нашар болғандықтан, үйлену тойының қашан болатыны белгісіз. Ол тіпті болмай ма деп те қорқамын. Өйткені өздеріңіз білетіндей, табысымыз мәз емес.
Осы себептен жігітім "ешкімнің сөзіне қарама, маған сенсең болды, бірге тұрайық, тойды балаларымызға жасап береміз, заңды неке куәлігін аламыз" дейді. Менің ата-анам "үкілеп отырған қызымызды қайдағы бір қаңғыбасқа бермейміз" деп үзілді-кесілді қарсы болып, түсіністік танытпай отыр. Осы үшін жүрегім қатты ауырады. Сүйіктімді қабылдамай, ол туралы осындай ауыр сөз айтқан кездерінде ешкім жоқ айдалаға қашып кеткім келеді.
Мен оны қатты жақсы көремін. Айтпақшы ол менен үлкендеу, жасы 3 жылдан соң, 30-ға толады. Бір жағынан менің де жасым келіп, уақытым өтіп барады.
Әлде мүлде басқа қалаға қолұстасып бірге кетсек пе деген ойымыз бар. Сол жақтан жаңа өмір бастаймыз... Бір жағынан "азаматтық неке" дегенге келмейді, себебі, біз заңды неке куәлігін аламыз. Екінші жағынан бұдан кейін елдің бетіне қалай қарайтынымызды ойласам, қатты қиналамын.
Автор: Құпия қыз
Сурет: therealfun.com
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com