- Негізгі бет
- Құпия
- Сүйгенді сүй, сүймегенге...
Сүйгенді сүй, сүймегенге жалынба
Сәлем, қыздар! Менің айтайын дегенім махаббат мәселесі. Алғашқы махаббат...
Мен ол жігітпен 4 жыл бұрын танысқан едім. Ол көрші мектепте оқыды. Құрдаспыз. Тоғызыншы сыныпқа өтетін кезде ол маған сөз салды. Мен ол кезде ешкіммен жүрмеген едім. Жігіттің алғашқы сөз салуы маған қызық көрінген. Әрі оны ұнаттым.
Екі ай уақыт қыз-жігіт болып жүрдік. Ол кезде мен махаббаттың не екенін де білмеймін. Екі айдан кейін оған «жүрмей-ақ қояйық» дедім. Біраз уақыттан кейін қайтадан сөйлесе бастадық. Оны қалай жақсы көріп қалғанымды білмеймін...
Ол өзінің бұрынғы қызымен жүріп жүрген еді. Мен оған оны сүйетінімді айттым, сезімімді жеткіздім. Тіпті «екінші қызым боласың» дегеніне де келістім. Содан соң ол басқа ауылға көшіп кетті. Сонда да сөйлесіп жүрдік. Барлығы жақсы деп ойлап жүргенімде өзінің жаңа мектебінде басқа қызбен жүріп жүргенін естідім. Сонда да қайтпадым. Жақсы көріп жүре бердім.
Уақыт өте келе ол қызды да тастап кетті. Біз қайтадан сөйлесе бастадық. Бір күні кездесуді шештік. Ол екі сағатқа кешігіп келді. Мен ашуланып кетіп қалдым. Біраздан кейін құрбым телефон шалып, көшеге шық деп шақырды. Шықсам, әлгі жігітті ертіп келе жатыр екен. Екі сағаттан кейін менен кешірім сұрады. Мен кешіргім келмеді. Осы күнге дейінгі жылаған кездерім, қиналған сәттерім есіме түсті. «Кешіремін, бірақ жүрмейміз» деп үйге кіріп кеттім. Осылайша бір сәтте оны жек көріп кеттім. Содан бері 3 жылдай уақыт өтті. Ол әлі мені сүйетінін айтады. «Көп қызбен жүрдім, бірақ сені ұмыта алмадым» деп сендіреді. Не істерімді де білмеймін. Қайтадан онымен жүргім келмейді. Бірақ «сені сүйгенді сүй» дейді ғой... Не істеймін?
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі – біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі – біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com.
Ф. Абилова