- Негізгі бет
- Құпия
- Өз сыңарымды таптым...
Өз сыңарымды таптым ба?
Сәлем, Массагет! Осындай арнайы айдар ашып, қазақ қыздарының сырын құпия түрде айтуға мүмкіндік бергендеріңізге рақмет!
Мен сіздерге өз жағдайымды баян еткім келеді...
Менің жасым 20-да. Қазір университеттің төртінші курсына өткелі отырмын. Осы жылдың басында бір жақсы жігітпен таныстым. Ол екеуміз бір шарада кездестік. Мен өзім батылданып, оған жақындадым. Сол кездегі менің «алғашқы қадамым» үлкен махаббатқа алып келді.
Арада жарты жыл өтті. Мен ол жігітті шын сүйіп қалдым. Бойы ұзын, денелі, мінезі жұмсақ, бірақ өте ақылды жігіт. Маған жұмсақ болса да, өзгелерге қатал көрінеді.
Үйінің кенже баласы. Менен 5 жас үлкен. Қазір еңбектеніп, басқа қалада жұмыс істейді. Ал мен оқып жүрмін.
Жақында ол маған үйленейік деп, сақина ұсынды. Менің төбем көкке жетті. Неге десеңіз, мен ол жігітті бар жүрегіммен жақсы көремін.
Бұл жайтты мен алдымен анама айттым. Олар ауылда тұрады. Анам: «түсіндім, бірақ, әкеңе бұл хабар ұнай қоймас» деді де қойды. Біраздан кейін телефон шырылдап, анам әкемнің естіген соң үнсіз далаға шығып кеткенін айтты. Менің жүрегім зырқ етті.
Әкем оқу бітірмей, тұрмыс құруды құптамайтын еді. Әрі өзім де отбасылы болуға асықпаймын. Қаламаймын десем де болады. Алайда мен екі оттың арасында қалып отырмын. Бірі махаббат болса, екіншісі еркіндік.
Жігітімнің құрдастары екі-екі баладан құшақтап отырғанда, ол әлі бойдақ күйінде жүр. Әрі қалталы, жағдайы бар, ата-анасы жақсы адамдар.
Бұл жайтты жігітім де, «қайын ата-енем» де түсініп, тойды келесі жылға қалдырып отыр. Ал әзірше жақын арада сырға салу рәсімін өткізуді жөн көрді. Бұған мен де риза болдым.
Алайда, осы бір жылдың арасында арамыз суып кетпей ме? Екеуара мыңдаған шақырым жатқанда, ол басқа қызға көңілі ауып кетпей ме? Осыны ойласам, ертең-ақ неке құруға дайынмын.
Дегенмен, қыз дәуренімнің бір жылы ғана қалды... 365, 364, 363...
21 жас тұрмыс құру үшін ерте ме, кеш пе? 21 жас...
Автор: құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com
Ф. Абилова