- Негізгі бет
- Құпия
- Отбасым оңалып кетер...
Отбасым оңалып кетер ме?
Қымбатты массагет сайты, өзіңе алғаш рет хат жазып отырмын. Мүмкін менің басымдағы жағдай ешкімге таңсық емес шығар, сонда да ішімдегі сырды өзіңе ақтарғым келді...
Мен бес баланың анасымын. Өзім мектепте 12 жылдан бері тарих пəнінен сабақ беріп келемін. Тұрмысқа шыққаныма 15 жыл болды. (Қазіргі балаларымның əкесімен қыздай қосылдым. Ол да бұрын отбасын құрмаған). Бірақ сыртым бүтін, ішім түтін болып, небір жауапкершілікті, тауқыметті жалғыз өзім көтеріп келемін. Балалардың жоқ-жітігін түгендеу менің мойнымда, ауырып қалса да жолдасым жаныма жалау, қорған болу орнына, өзімді қажап, кемсітіп, қол көтеріп, ілгері басқан талпынысымды кері қарай тарта береді.
Балаларымның алды 8-сыныпта оқиды, одан кейінгі балаларым 2-4 сынып жəне дайындық сыныбына барады. Соңғы қыз балам үш жарым жаста. Жолдасым 15 жылдан бері ішкілікке салынып кеткен, не жұмыс жоқ, не басқа жоқ, арақ ішіп келіп, отбасы берекесін алады. Ол осы əдетін 15 жыл бойы қайталап келеді, түн демей, түс демей шырт ұйқыда жатқан балапандарым қорқып кетеді-ау деп ойламайды, қолына не түссе соны лақтырып, түрлі балағат сөздер айтады. Алла 3 ұл, 2 қыз бала берді, тек жолдасымның ішкені болмаса, деніміз сау ғой, түзеліп, əліақ жақсы отбасы болып кетерміз деген үмітпен келемін, бірақ жолдасымның өзгерер түрі жоқ. Өзі қызмет жасамағанымен қоймай, маған жұмыс жасауға, жанұяның, балалардың тыныш өмір сүріп, қалыпты білім алуына мүмкіндік берер емес.
Артыма қарасам, жолдасыма біраз уақыт кешіріммен қараған екенмін. Оның мені түсінетін түрі байқалмайды. Жақын-жуық, туыс-туғаны да бар ақылын айтты. Емдетпекші де болды, бəрібір одан еш нəтиже шықпады. Арақты өлсем де тастамаймын деп одан сайын өршелене түседі. Шаршап кеттім, соңғы кезде жүрегім де сыр беріп жүр. Денсаулығым болмаса балаларымды қалай жеткіземін.
Ажырасу үшін талай арыз жазуға да оқталдым. Үйге ішіп келіп жанжал шығарған кезде жанымызды сақтау үшін ішкі істер бөліміне қоңырау шалып, көмек сұраған кездерім де болды. Жолдасым одан да еш нəтиже шығармады. Балаларым үшін жанұяны сақтағым келді. Ал жолдасым маған жолың болсын, алды-артыңа бір уыс топырақ, кетсең кете бер, үйді босат, бұл үй саған да, маған да тиесілі емес, əкемнің үйі дейді.
Енді мүлдем жолдасымнан кетіп, балаларыммен тыныш, айқайсыз, берекетті өмір сүргім келеді. Шаршап кеттім. Қызметім де мұғалім болғандықтан, оңай емес, ел баласына дұрыс тəрбие, білім беруім керек қой. Ол үшін жанұяда жайлылық, үйлесім болуы керек. Мемлекетіміздің де талабы – дұрыс маман болу. Жұмыстан шаршап келгенімде алдымда аюдай ақырып ішімдікке тойып алған жолдасым тұрады.
Қымбатты массагет сайты, өзіңде жарияланып тұратын посттарды үнемі оқып, өзіме демеу, рухани азық алып жүрмін. Барар жерім, басар тауым қалмағандықтан, хат жазып отырмын. Не істесем болады? Маған осы тозақ өмірден құтылудың жолын көрсетіп, мүмкін ақыл қосарсыздар.
Автор: Құпия
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі – біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі – біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com
@. @assel_assanova