- Негізгі бет
- Құпия
- Ол мені сүйе...
Ол мені сүйе ме?
Сәлеметсіздер ме! Массагет сайтының тұрақты оқырманымын. Өз басымдағы жағдайымды айтып, сіздердің пікірлеріңізді білгім келеді. Жігіттіммен жүріп жатқанымызға екі жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде төрт рет айырылысып, қайта қосылдық. Басында айырылысқан соң қарым-қатынасымыз қалай болады деп қатты уайымдайтынмын. Қазір өзіме бәрібір болып кеткен сияқты. Кетсе, артынан жүгіріп, мазасын алмаймын. Келсе, құшақ жая қарсы аламын. Үнемі кешіруге дайынмын. Шынымды айтсам, қатты шаршадым. Жақында отбасын құру туралы шешім қабылдадық. Оның шынайы сезімі қандай екенін білмегендіктен, болашағым үшін алаңдамаймын. Менің тәкаппар екенімді жиі айтады. Әдетте қатты ашулансам да, тез басыламын. Ұрысқан кезде ауыр сөздер айтып қоямын. Жанжалдасып жатқанымызда өзін барынша салмақты ұстайды. Мені мүлдем қызғанбайды. Өзім қызғаншақпын. Сезімімді іште сақтай алмаймын. Ішімдегіні жайып салатын мінезім бар. Бүгін тағы ренжістік. Оған айтқым келгеннің барлығын смс арқылы жеткіздім. Бірақ әлі жауап жазбады. Мен оған қаншалықты керек екенімді түсіне алмай қойдым. Сіздер қалай ойлайсыздар? Ол мені сүйе ме? Әлде оған да бәрібір ме?
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com.
Қ. Бүйенбай