Сәлеметсіздер ме! Оқырмандар, қыз-келіншектер, апа-жеңгелер, маған сіздердің кеңестеріңіз қажет.
Жасым 24-те, күйеуім 25-те. Аллаға шүкір, бір ұлым бар. Тұрмыс құрғаныма 1 жыл болды. Күйеуімнің табысы жақсы, бірақ, үйімізде береке жоқ. Себебі, күйеуім көп қыдырғанды ұнатады, ішеді. Үйленгелі 3-4 рет үйге қонбаған кезі де болды.
Жұмысындағылармен ішіп, ұзақ қыдырады, үйге таңғы 4-5-терде келеді. Мен оған: «Осылай қашанғы жүресің, отбасың бар ғой, бойдақ емессің. Балаңды, мені ойламайсың ба?!» десем, ол: «Маған осылай жүрген ұнайды» дейді.
Мен бұдан шаршадым. Тапқан табысын араққа жұмсайды, қала берсе ата-анасына жібереді. Соңғы кездерде қол көтеретін болды. Мен ата-анама мені ұрады, осылай жүреді деп айтайын десем, мені бір күн де тұрғызбай, ажыратып алады. Ал мен баламның әкесіз өскенін қаламаймын.
Өткенде енеме баласының жүрісін айтқан едім, енем баласына «қатының шағымданды» деп айтыпты. Сол күні күйеуім үйге келген соң тепкілеп, ұрып тастады. Енем де керемет адам емес. Өзі намаз оқиды, бірақ көп өтірік айтады.
Не істесем екен? Бәрі құрысыншы деп баламды алып, ажырасып кетсем бе? Әлде балам үшін шыдасам ба екен? Ақыл қосыңыздаршы!
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com.