Армысыздар, құрметті Құпияның оқырмандары! Мен бала кезден өте кірпияз, таза болып өстім. Өмірімде белгілі бір ережелер болатын. Сол ережелерді қатаң сақтадым. Мектепте үздік оқып, ЖОО-ны қызыл дипломмен аяқтадым, магистратураға да өз күшіммен түстім. Білімге деген құштарлығымды қайтейін, қазір жасым отызда. Жалғызбын. Керемет жұмысқа тұрмасам да, ел қатарлы барып-келіп істейтін жұмысым бар. Қатарлас құрбымның көбі балалы-шағалы болып, бір отбасының түтінін түтетіп отыр. Ал мен болсам... Тіпті, сөйлесіп жүрген жігітім де жоқ.
Тағдыр, тағдырдың тосын сыйы дегенге сенуден қалдым. Біз сияқтылар үшін жаңа таныстық іздеп баратын жер - түнгі клуб, кафе ғана болып отыр. Ондай жерге баруға өз-өзімді қимаймын. Қазір кітапханадан танысып, жарасып кету деген мүлде жоқ. Әйтпесе, кітапхананың табалдырығын тоздырған адам мендей-ақ болар. Ал анам түнде боянып шығып бара жатсам, жақсылыққа жорымайды. Олар үшін біз әлі баламыз ғой. Қайтсем де, үйде отырмаудың амалын қарастырып, басым ауған жаққа шығып кетем. Қарап отырсам, қазір жақсы жігіт дефицит болған заман келіпті. Іздеп, іздеп, аяғым талды. Тауым да шағылды. Өзімнің осы жалғыздығыма көнуден басқа амалым жоқ. "Кәрі қыз", "отырып қалған қыз" деген сөздерді естісем, екі қолымды төбеме қойып, безіп кеткім келеді. Кезінде қолы мен жүрегін ұсынған жігіттерді менсінбей, мұрнымды бекер шүйіріппін. Сөз салған жігіттердің өміріне көз жүгіртсем, бәрі балалы-шағалы, білдей-білдей отағасы болып отырған жайы бар. Сондықтан өзіңе сәл де болса ұнап тұрған жігіт болса, артыңа қарамай, тұрмысқа шығып кеткен жөн екен. Ар жағы әйелдің қолында.
Кейде "кез келген біреуге шығып алып, ажырасып кеткенім жақсы еді бұдан" деп ойлаймын. Балалы болу, сүйікті жар атану менің орындалмас арманыма айналды. Отызға келіп бағы ашылып жатқандар болғанымен, олар өте сирек. Менің сенімім де күннен-күнге азайып барады. Оның үстіне түнде өз-өзімнен елегізіп, ұйықтай алмайтын ауруға ұшырадым. Психолог әпкеміз "бұл - жалғыз қалам-ау дегеннен туған қорқыныш" дейді. Менің басымдағы жағдайды тағдырластарым түсінер.
Бұрын сөз берген жігіттердің болғанын айттым. Сол кездегі менің ең басты мақсатым - оқу болатын. Өзім ерекше таза болғандықтан (анам да сондай), жігіттің үсті-басының тазалығына қатты мән беретінмін. Оның үстіне "оқуды үздік бітіріп, қызыл диплом алсам, ата-анамды қуантсам" деген мақсат құрдым. Қызыл диплом алып келгенімде, ата-анам бүкіл туған-туысқанды жинап, ұлан-асыр той жасады. Олардың да ел алдындағы беделі өсіп қалғанымен, бәрі уақытша болатын. Қазір дипломым түкке жарамсыз болып, сандықтың түбінде шаң басып жатыр. Жазған зерттеулерім газет-журналдарға жарияланғанымен, олар да жанға дауа бола алмайды. Тек осы зерттеуімнен медет іздеймін. Ал менің тағдырым ше?
Бара-бара біреуге бір нәрсе айтудан қалдым. Іштей өзімді жегідей жеуден басқа амалым жоқ. Елдің бәрі қолын шошайтып, маған күлетін секілді. "Қыз мұраты - кету" деп ата-бабамыз бекер айтпаған екен. Өзім шымкенттік болғандықтан, ол да маған қатты әсер етеді. Іштей әлі өзіме 18 жастағы қыз сияқтымын, ал уақыт өз дегенін алып жатыр. Оқудың соңына шам алып түсу қыз балалардың маңдайына жазылмаған ба деп қаламын. Тым құрыса, тұрмысқа шығып алып барып, оқуыңды жалғастырсаң, дұрыс жол осы болмақ. Қыз баланың ең басты міндеті - тұрмыс құру екен. Адам кез келген сәтсіздігіне айналасын кінәлайтыны белгілі. Оқытып, тоқытқан ата-анамды кінәлаудан аулақпын, бірақ, олар да күннен-күнге шөгіп барады. Мені де іштей уайымдайтындарын білем. Қолымнан не келеді? Күту... Күту... Күту ғана.
Автор: Құпия қыз
Сурет: vk.com
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com