Массагет сайтының "Құпия" айдары! Бұл оқиғамды сіздерге айтпасам, басқа кімге айтарымды білмеймін!
Інім екеуміздің арамыз екі жас. Алматы қаласында пәтер жалдап тұрамыз. Інім университетте сабақта, мен жұмыстамын. Бір апта бұрын інім үйге бет-аузы көгеріп, ісіп келді. Мен зәре-құтым қалмай не болғанын сұрағанымда, інім "спортзалда жүріп, құлап қалдым" деп, жатып қалды.
Ертесіне әке-шешемізге еш нәрсе айтпауымды өтініп сұраған соң, іштен тындым. Бірақ көңіл шіркін інімнің "құлап қалғанына" сенбеді.
Арада үш күндей уақыт өткенде, інім үйге мұрны сынып келді. Дереу жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға жатқыздық. Ауылдан алып-ұшып ата-анам келді. Мына жақтан полиция да шақырып қойғам. Інім болса "баскетбол ойнап жүргенде, доп тиіп, мұрным сынып кетті",-дегеннен басқа ештеңе айтпады. Анам зар жылап жүр. Полиция мұрнын кім сындырғанын сұрап, інімді әурелеп-әурелеп, ісі өнбесін білген соң, "жаңалық болса, хабарласыңыздар", - деп кетіп қалды. Інім болса, мұрны бұзылып жатса да ешкімге ештеңе айтар емес...
Тұңғиыққа батып бара жатқан тәрізді. Аз сөйлейді, көп ойланады. Ашылып ешкіммен сөйлеспейді. "Біреуден қарызға ақша алып, қайтара алмай таяқ жедің бе?" десем де, "Біреумен қызға таласып жүрсің бе?" десем де басын шайқайды.
Уатсаптағы статусына: "Ер жігіттің екі сөйлегені - өлгені" деп жазып қойыпты. Осы сөз бен інімнің басындағы жасырын оқиғада байланыс бар секілді.
Не де болса, әлдекімнен таяқ жеп жүргені анық. Бірақ кім? Кім оған қоқан-лоққы көрсетіп жүрген? Осы сұрақ көкейімнен кетпей жүр. Бұлайша жалғаса берсе, одан әрі не болмақ? Бұл жайын ойлаудан қорқамын...
Автор: Құпия қыз
Сурет: badfon.ru