- Негізгі бет
- Құпия
- Мен оны қатты...
Мен оны қатты сағындым
Сағыныш жүрегімді өртейді. Қазір екеуіміз бір кездері бірге аралаған баққа жалғыз барып жүрмін. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғаламтор арқылы тараздық қызбен таныстым. Мен Алматыда тұрамын. Арамызда айтарлықтай қашықтық болса да, сыр бөлістік. Бір-бірімізге қатты бауыр басып қалдық.
Бір күні ол өзінің Алматыға келетінін айтты. Бір шетінен қуансам, бір шетінен кездесу қалай болар екен деп ұзақ ойландым. Себебі менің отбасым бар. Кешке жақын ол өзінің келгенін, қоныстанған мекенжайын айтып қоңырау шалды. Сол жерге жетуге қатты асықтым. Суреттен көргеніміз болмаса, бір-бірімізді бұрын-соңды көрген емеспіз. Межеленген жерге жеткен соң кіп-кішкене, сүйкімді жанның тұрғанын көрдім. Ол да мені танып, өзіме қарай беттеді. Жаныма келіп, мені қатты құшақтады. Не істерімді білмей, қатты құшақтап қана тұрдым. Мойныма асылған аппақ білек астында құдды 18 жасыма оралғандай болдым. Екеуіміз ләм-мим деместен, ұзақ сүйістік. Мына әлемді ұмытып, басқа бір әлемде жүргендей күй кештік. Сол күннен бастап кездесіп жүрдік. Ол әр кеште мені қимай жылауды шығарды. Екі оттың арасында жүрдім. Өмірлік бақытымды жолықтырдым, бірақ отбасым бар. Отбасылық өмірде бақытсызбын.
Ақыры ол менің отбасым бар екенін білді. Сол күннен бастап, арамыздағы байланыс үзіле бастады. Сөйтіп ол менің өмірімнен бір жола ғайып болды. Осылай болғанына қатты қиналдым. Оны іздеп әлгі баққа баратын әдетті шығардым. Бірақ ол келмеді. Мейлі келмесін, тек бақытты болсын! Жаратқаннан осыны тілеймін. Отбасым болса да, кейде оны қатты сағынамын. Маған қайтып келмес тәтті сезім сыйлағаны үшін сағынамын!
Автор: Құпия жігіт
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com
Қ. Бүйенбай