Мені ешкім жақсы көрмейді

Мені ешкім жақсы көрмейді
Фото: vk.com

8 сынып оқушысымын. Атымды айтпай-ақ қойғаным жөн болар. Мені ешкім жақсы көрмейді. Түрім әдемі, өте сұлумын деп те айта алам. Бірақ мені расымен де бір адам ұнатпайды. Үйдегі жағдайды айтсам, ата-анам, аға-жеңгем бар, бәрі мені жек көреді. Отырсам, опақ, тұрсам, сопақпын. Өзімнің мінезім тік, содан болар, тіпті туған анам да маған үнемі ұрсумен болады. "Сені бекер тудым" деп айтады. "Сендей қызым жоқ" деп маған қатты ұрсып, мені әке-шешем ұрады. Кейде ойлаймын: Мені асырап алған сияқты. Мен осы үйде асыранды қыз секілдімін. Жеңгем болса, мені көрсе қабағы қарс түйіліп кетеді. Бірдеңе сұрасам, менімен сөйлескісі келмей қашып жүреді. Киімдерін кисем де, ұнатпайды. Үй шаруасына көмектесейін десем, өзіне жақындатқысы келмейді. Ал сыныпта мені оқушының бәрі жек көреді. "Сен қыз басқа мектепке ауысып кетші" деп старостамыз көп айтады. Сынып жетекшісі болса, сабағымның бәрін 3-ке шығарып тастауға тырысып жүр. Бүкіл өші менде. Жігіттер жағына келсек, мені шын ұнатып сөз айтқан жігіт жоқ, бәрі сырт көзге солай көрінетін болғандықтан арам оймен хабарласады. "Кешке отырысқа бірге барайық" деп, мені жеңілтек қыз ретінде қабылдайды. Мен боянып жүргенді ұнатамын, сондықтан да солай ойлайтын сияқты. Мінезім ашық-жарқын, қалжыңдасып жүрем. Ал мені қоршаған адамдар оны түсінбейді. Жан досым жоқ. Жалғыздан-жалғыз не істерімді білмей, басым қатып жүр. Неге мені адамдар жек көреді? Мені көрсе, тыжырынып, теріс айналатын адамдар да бар. Не істеп қойдым соншама?! Адам өлтірдім бе? Қылмыс жасадым ба? Жаман әдетім жоқ, темекі, арақ дегендерге жоламаймын, кінәм не? Ашық киінбеймін, түрім ұсқынсыз емес. Мінезіме келсек, айтып өткенімдей, тік мінезділігім бар. Осыдан болар мүмкін? 

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі – біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі – біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com

Р. Роза