Қыз сезімі (Монолог)
Сезімді өткергім келетін. Дерексіз. Жүрекпен сүйгім келетін себепсіз. Түндерде жылағым келетін жасырын. Кешірім сұрағым келетін. Ақырын. Бәрін де жеткізгім келетін. Байыппен. Бәрін де айтқым келетін. Жайып мен. Ертерек есейгім келетін. қыз болып. Екеу боп жүргім келетін. Біз болып. Уақытты тоқтатқым келетін. Сағатты. Төзімді тауысқым келетін. Тағатты. Келер шақ осы шаққа айналғандай. Бәрінен бас тартар ем. Мендегі бағалыдан, бағасыздан. Сіз ғана мөлдір өлең, саласыз ән. Куәгер – түн. Содан соң сценарий. Диалог қып, прологын жаңа сызған. Бұл жолы іздемедім. Кинодан немесе мен оқыған кітаптардан. Себебі, кейіпкерлер тым әлсіз, жылап қалған. Мына менің кеудемде бір жүрек бар. Оған сіздің даусыңыз ұнап қалған.Ол жүрек қашқақтайды сұрақтардан. Соқыр емес. Көреді. Тілсіз емес. Сөйлейді. Және-дағы жазады. Қалам, бәлкім, қаруы. Үндемейді. Үш жақша. Құтылудың амалы. Түнде ғана таңдарда. Сыр шертеді шамалы. Тосыннан келдім. Тосырқап қалдым. Ештеңе дегім келмеді. Жасырғым келді. Жалғаннан бәрін. Жүрекке әмір жүрмеді. Ақылға салдым. Тыңдадым үнін. Жүре бер деді тек үнсіз. Жүрекке берсем еркімнің бәрін. Жүре берер ем жүгенсіз. Аңдамай қалдым. Кешіккен көктем келерін. Tаңдамай қалдым. Неліктен оны білмедім. Үнсіздік. Мен – сіздік. Бүгінгі менің білерім. Күлімдеп тұрып, жылау да қиын екенін, сүйіп-ақ тұрып жек көру мүмкін емесін... Мен сорлы тым кеш ұғыппын.
Автор: құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com
Ә. Жутаева