Біз, қыздар, көбіне жанашыр келетіндіктен, отбасының жүгін мойнымызға ерікті түрде артып алатын сияқтымыз. Олай дейтін себебім, мен оқу бітіре салып, ағылшын тілін жетік меңгергенімнің арқасында қонақүйге ресепшн болып жұмысқа тұрдым. Шетелдіктер ерекше жомарт, мейірбан келеді ғой, жалақым да жақсы, сондықтан қалтам тесік қалған күнім болған емес десем, артық айтпаймын. Содан бері біраз жыл өтті, жалақымның тең жартысын отбасыма жөнелтемін. Қалған ақша пәтерақыма, киімім мен тамағыма толық жетеді.
Бір күні ойландым. Егер сол ақшаны отбасыма бермей, өзіме жинай берсем, қаланың шетінен болса да, 1 бөлмелі үй, ортаңқол көлік алатын уақытым болды. Үйдегілер қалаға қыдырып келгенде, өз үйіме есікті теуіп ашып, алаңсыз кірер еді... Өзіме де, отбасыма да жайлы болар еді. Мен берген ақшадан ата-анам мен бауырларымның байып кетіп жатқаны шамалы. Тіпті аса мұқтаж да емес. Өз тірлігін өзі жасап, өз күнін өзі көріп отырған адамдар. Бірақ олай етуге дәтім жібермейді. Ата-анам мен бауырларымның алдында міндетті сияқтымын. Оларға шамам келгенше көмектесу - маған артылған жүк секілді. Өйткені кезінде еш қайтарымын сұрамастан, мені асырады, бағып-қақты.
Шешімі қиын сауалымның жауабын психологиялық кітаптардан іздедім. Бірнеше кітап тауысқан соң, түйгенім - әр адамға өз маңдай терімен тапқан табысынан артық нәрсе жоқ. Мен қанша берсем де, мәселен, ағам оны бір сәтте болмашы нәрсеге жұмсап тастауы мүмкін. Өйткені ол ешқандай жауапкершілік сезініп тұрған жоқ... Егер сол қаражатты өзі тапса, жағдай мүлде басқаша болар еді, бәлкім. Бұл жолдарды оқып отырып, "сараңдығы ұстап қалды" деп ойлауларыңыз ғажап емес. Мәселенің астарына үңілсеңіз, мен бәрібір де отбасымның қамын ойлап отырмын. Ерекшелігі - бұл жолы өзімді де қоса ойлағаным.
Сондықтан "ең алдымен қарақан басыңның қамын ойлау керек-ау" деген екіұшты шешімге келіп отырған жайым бар. Бірақ әлі де тәуекелге бел буа алмай отырмын. Бұл мәселеге бейтаныс құрбыларым не дер екен? Кез келген қыз баласының алдымен өзінен бұрын, туған отбасына жаны ашып тұратыны белгілі. Әлде мен қателесем бе? Пікірлеріңізді асыға күтемін.
Автор: Құпия қыз
Сурет: fx-fp.ru
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com