- Негізгі бет
- Құпия
- Күйеуімді қалай өзгертсем...
Күйеуімді қалай өзгертсем болады?
Сәлем қыздар, әпкелер! Жасым күні кеше 21-ге толды. Тұрмыс құрғаныма екі айдан соң 2 жыл толады. 1 қызымыз бар, екіншісіне аяғым ауыр.
Күйеуіммен 4 жылдай жүріп үйленгенбіз. Күйеуім өте қызғаншақ, келгенде телефонымды тексеріп шығады. Хабарласқан кезде алмай қалсам, боқтап шыға келеді. Дүкеннен кешіксем, неге жоғалдың дейді. Бұрын да сондай болған, сыныптастарыммен ешқайда жібермейтін, бірақ оған ессіз ғашық болдым. Талай алдағанын ұстап алсам да, кешіре бердім.
«Сен көп ешкіммен сөйлеспейтін, шықпайтын болғаның үшін үйленемін, ана қыздармен тек бойдақ кезімде жүріп қалайын деп жүрдім» дейтін. Мені шынымен сүйеді, онысы көрініп тұр. Сұрағанымның бәрін алып беруге тырысады. Дастарқан басында күлдіртіп, қалжыңдасып отырады, қайта қайта ас үйге келіп, еркелетіп кетеді. Бірақ тез ашуланғыш. Өзін ұстамай, түрлі ауыр сөз айтады. Қолында не бар, соны лақтыруға дайын тұрады.
Мен де оны әлі сүйемін. Кеше туған күнім болды, кісілер келіп, қонақтан шаршап жүргенмін. Түнде көзім ілініп кеткен. Ол бірнеше рет телефон шалып, іздеген. Келесі күні бойы ерегесіп, хабарласқан жоқ. Енді жаңа «мен білмеймін ғой, не істеп жүргеніңді, әдейі көтермедің. Әдетте ұйықтап болмайсың» деп жылатып қойды. «Маған ренжуге болмайды, балаға зиян» десем, «бала керек емес» дейді. Кейде сондай қылықтарынан шаршап, босанып жатқанда «өліп қалсам» деп тілеймін, бірақ қызымды қимаймын.
Әр нәрсеге ренжіп қала береді. Өзі бала кезінен ашушаң болып өскен. Осы мінезін қояр ма екен, не істеуге болады? Оны сүйетініме, алдап жүрмегеніме қалай сендіремін?
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com.
Ф. Абилова