Массагет сайтының Құпия айдары. Менің сіздермен бөліскелі отырған оқиғам – қазіргі басымнан өткізіп жатқан күндерім. "Келін" деген соншалықты жаман адам ба?
Осылай жиі ойланамын. Төркінімізге барсақ, асты-үстімізге түсіп өледі, ал мұнда ше?..
Мен бір үйдің жалғыз келінімін. Ауылда тұрамыз. Мені алып қашып кеткен, 3 курс студенті болатынмын. Жолдасымды екі рет қана көргенмін. Осылай үйлену оңтүстік халқының қандарына сіңген-ау шамасы. Амал жоқ, көндім, қалдым. Алғашқыда өте қатты қиналдым. Өзім қаланың қызымын. Қалада оқимын. Апта сайын сенбі күні ауылға қайтам, тура тозаққа келе жатқандай боламын. Ата-енем, екі қайын сіңлім бар. Екеуі менімен қатар. Ауылдың қызы ма, әлде тәрбие солай ма білмеймін, түсініктері төмен. "Ағам екен" деп күйеуімді сыйламайды, менен сәл аяқ тартатын сияқты. Екеуі күнде ұрсысады, "неге ананы істемедің, неге мынаны істемедің?" деп үлкені кіші қайын сіңліме айғай салады да отырады. "Маған айтқаны ғой" деп, тыным таппай жұмыс істей беремін. Екеуі де оқу бітірді, қалаға кетпей ме деп таң қалам, не бар ауылда? Бірақ қалада жұмыс таба алмай, ауылда істеп жатыр. Екеуі қалаға оқуға түскен кезде мені менсінбей кеткен еді, бір жағынан сауап деймін іштей.
Қазір екі балам бар. Әрең-әрең ауылға үйрендім, бұрынғыдай емес, ауылдың қап-қара әйелі болғам. Қыздармен кездесуге ұялам. Ол бөлек әңгіме ғой. Үйден ата-енем, күйеуім бәріміз жұмыс істейміз. Одан бөлек, қанша ақша кіреді үйге. Менің айлығымды да енем алып алады, "соған да бір нәрсе керек-ау" деген жоқ. Балаларымның ақшасын да солар алады.
Бәрінен де жаныма бататыны – күйеуім мені бір қорғап, сөзімді сөйлемейді, олардың көзінше маған ұрсады. Ал бөлмеге келгенде "жаным, жаным" деп қалады. Іштей жыным келеді, "солай ұрсуға лайық болсаң ғой" деп. Екі қарындасына тіл тигізбейді, "балаларға қарап отыр" деп.
Ауылды жерде өмірі бітпейтін жұмыс, әсіресе, біздің үйде. "Мына үйге қалай үлгересің?" деп көршілеріміз маған таң қалады.
Жұмыстан келсем, қабақтары ашылмайды, мені атып жіберейін десе, оқтары жоқ... Жұмысқа кеткенше тынбай жұмыс істеймін, қызымды киіндіріп, балабақшаға алып кетем, жұмыстан шығып қайтадан балабақшаға барам. Жарайды оның бәрі өзім үшін ғой. Бір түсінбейтінім – неге мені сонша ұнатпайды бәрі? Енемнің де, қыздардың да тілдері жаман. Сол үйден қашып кеткім келеді. Бірақ олар мені ешқайда да жібермейді.
Балапандарымды әкесінен айырып қайда кетем? Кейде "қойшы, бәрін тастап кетейін" десем де, бір құрбымның "бомж болса да әкем тірі болса ғой" деп жылайтыны есіме түседі.
Мүмкін мені түсінбейтін шығарсыздар. Айта берсем өте көп. Амалсыздан көніп жүрмін.
Автор: Құпия қыз
Сурет: ©massaget.kz
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com