- Негізгі бет
- Құпия
- Қателестім......
Қателестім...
Жазуға оқталып отырмын. Бірақ қорқамын. Ішімдегін ақтаратын адам да қалмады. Тек бұл жазып отырғаным сіздер сабақ алса екен дегенім...
Осыдан екі жыл бұрын, наурыздың жиырмасыншы жұлдызында мен үшін ең керемет күн басталды. Тіпті әлемде менен бақытты адам жоқ секілді күйде болдым. Оның көзі, шашы, тіпті қолымнан ұстаған кездегі саусақтарының темірдей қаттылығы да мені өзіне баурап алды. Жігіттің төресі осы болар дедім. Арамызда махаббат оты күн сайын тұтанып, өртеніп тұрмаса өшкен емес. Әр күнім гүлге, әр күнім күлкіге толы болды. Білесіз бе... мен өмірге не үшін келгенімді сезініп жүрдім. Араға уақыт салып сезім сыйластыққа ұласты. Тіпті бұл кезде екі қасиеттің арасында есім кетіп, ғашықтықтан басым айналды. Бәлкім қыздардың біразы бұл сезімді бастарынан өткерген де болар.
Өлмейтін, солмайтын махаббаттың жыры бір жылдан аса жалғасты. Бір күні «сұлтаным» жатақханада тұра бересің бе, бірге үйде тұрайық, үйленген соң сонда тұрып қаламыз деген соң бірден келістім. Мен үшін «жоқ» деген сөз жоқ секілді. Жігітім не десе соны істеп жүрдім. Әрине іштей жаман ойымда болды, бірақ бір жарым жыл жүріп енді сенбей қалуым кеш болар дедім де, келісім беріп бірге тұрдық. Алғашқы екі ай тағы да ғашықтықпен басталды. Өйткені біз әлі үйленбесек те мен оның киімін жуып, тамағын істеп кішігірім отбасылық өмірді бастап кеттік. Ал бұл қыз баласы үшін үлкен мәртебе ғой. Тек үйленбеді демесеңіздер... Үшінші айға аяқ басқан кезде жігітім мінез шығара бастады. Басында мән берген емеспін, қалыпты жағдай ғой деп. Бірақ күннен күнге үйге кеш келу, шығып кету, жоқ болып кету сынды дүниелері көбейді. Мен іздей бастадым, сағындым, маған жоламайтын болып кетті. Күнде жұмыс, жұмыс деп сабыла беретін болды. Маған көңіл бөлуді қойды. Қысқасын айтқан кезде бір айдың ішінде бал-бұл жанған өмірімнің күлі көкке ұшып кетті. Ұрысымыздың себебі біреу-ақ «отбасылық өмірді үйленбей тұрып бірге бастадық, бірге тұрдық». Әйтпесе алып бара жатқан дүние жоқ еді. Болар іс болып, бояуы сіңді. Қазір бәрі біткен...
Құрметті қыздар! Махаббатпен ойнаудың қажеті жоқ. Ол сізді өртеп тынады. Әрі үйленбей тұрып бірге тұрып отбасылық өмірді аңсап керегі жоқ. Бәрі уақытымен екен.
Автор: Құпия
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі – біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі – біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com
М. Ақан