Қарым-қатынасымыздың аты жоқ – 2

Басы

Бірақ көзінен-ақ мен бәрін ұғатынмын. Сөздің ашығы керек, басқа жұптар сияқты сүйіскен де емеспіз, тек ол мені қатты құшақтағанды жақсы көретін. Бәрін ұғатынмын... Сол үшін де артық сұрақ қойып басын қатырған емеспін, бәрін өзі шешсін деп таңдауды өзіне қалдырдым. Оны білмеген, жақын танымайтын адам әрқашан көңілді, әркіммен қалжыңдасып жүретін адам деп біледі, оны танымағанда мен де солай ойлағанмын. Бірақ мүлде олай емес, күлкінің астында қанша сыр бар десеңізші. Оны тек мен білемін.

Достарымызбен де бас қосуды тоқтатқан жоқпыз, бірақ біздің қарым-қатынасымызды санаулы адамдар ғана білді, ешкімге айтқым келмейтін, бәрінен жасырғым келетін. Ол да ешкімге айтқан жоқ деп ойлаймын. Айнұр босанды, оны шығарып алдық, қызын бәріміз жабылып қырқынан шығардық, Дархан екеуміз кіндік әке-шешесі болдық. Сол күндердің барлығында Жанболат жанымда болды, екеуміз қарым-қатынасымызды ешкімге айтпасақ та, адамдар байқағыш емес пе? Сұрақтар көбейе бастады, құрбыларымның барлығы "ол саған басқаша қарайды" дейтін. "Білмеймін" деп құтыла салам. 2014 жылды да барлығымыз бірге Жанболаттың үйінде қарсы алдық, ол маған сыйлық жасады, жып-жылы мысық байпақ. Ал мен ештеңе сыйламадым, жігітке сыйлық беріп үйренбеген, мүлде ол туралы ойламаппын, қатты ұялып қалдым. Бір айдан соң оның туған күні болды, "не сыйлаймын" деп көп ойландым. Шын ниетіммен сыйлықтарымды да бердім.

Мен болашағымды тек Жанболатпен көретінмін... Екеуміздің үйленгенімізді, оны жұмысқа шығарып салып, кешке қарсы алғанымды ойша елестететінмін. Екеуміз мәңгі біргеміз, бір-бірімізден ажырамаймыз дегенге жүрегім сенетін. Сондай берік қарым-қатынастың жоқ болып кетуі мүмкін еместей болатын. Бірақ бәрі де бір Алланың қолында екен...

Оның жақын достарымен де таныстым, дәл өзі сияқты өте жақсы адамдар. Үнсіз ғана отыратын кездеріміз де болатын, ол көңілсіз болса, оңайлықпен ештеңе айтпайтын, айтқыза алмай, мен қатты ашуланатынмын, қырсығып, сөзін тыңдамай бірнеше рет машинасынан түсіп те кеткен едім. Оның сол кездегі үнсіздігін қазір түсінемін.

Ол маған өте қамқор еді. Бірақ оның қамқорлығын сол кездерде мен дұрыс түсінбедім. Бір күні сыныптастарыммен кешкі сегіздерде «Променад» сауда орталығында кездесетін болдық, мұны естіген Жанболат "сағат онда барып алып кетемін" деді. Мен бірден ашуланып шықтым, біріншіден, бас-аяғымыз жиналғанша өзі де он болады, екіншіден Жанболат менен бір ауыз сұрамай, алып кетем деп мені басқарғысы келгендей көрінді. Мен әрине келіспедім. Променадта бәріміз жиналып, ары қарай қала сыртындағы дәмханалардың біріне барып отырдық. Жанболат бәрібір сағат онда сол жерге келіп алды, ішке кірмеді, тек машинасында күтті және маған «сағат он екіге дейін отыр, сосын шық, мен сені екі сағат күте тұрам» деді. Он екіде өзі де бәріміз шықтық, сыныптастарым ары қарай Медеуге баратын болып келісіп жатқанда, мен де Жанболатты тастап, олармен еріп кетуге дәтім бармады. Машинасына келіп отырғаннан бұрқылдадым. Ол жерден шығып, екеуміз менің сіңлімді құрбысының туған күнінен алып үйіне апарып тастадық. Солай үйге жеткенше таңғы сағат бестің шамасы болды, маған ғой демалыс, ал ол сағат жетіде жұмысқа бару керек болатын. Сол кезде «не үшін келдің, екінші мені бұлай алып кетпе, өзім қайтам» десем, «сені уайымдадым» деді, «неге уайымдайсың» деп мен де қоймаймын. Қазір ойласам, ондай қамқорлықты сезініп көрмеген мен шошып кеткен екенмін ғой, содан да болар, оның уайымын дұрыс түсінбегенім.

Осылайша күз бітіп, қыс бітіп, көктемге де аяқ бастық. Ол маған суып бара жатқандай сезілетін, өзімнің де оның үнсіздігінен жалыға бастағанымды түсінетінмін. Көп ойландым, жатсам-тұрсам "неге ештеңе айтпайды?!" деп өз-өзімді жеп тастайтынмын. Оның өмірінде, отбасында бір қиындықтың бары анық еді.

«Екеуміздің қарым-қатынасымыз әрқашан осындай тату қалпында қалмайды, ұрсысатын кездеріміз де болады сол кезде маған "кет" деп айтпашы, ал егер кетіп бара жатсам, "тоқта" деп айтшы, сенің сол бір ауыз сөзің мені тоқтатады»... Оның осы сөздері құлағымда қалып қалды. Мен оны тоқтата алмадым, кетіп қалды...

"Сен қырсықсың, осы мінезің үшін өмірде көп нәрсені жоғалтасың" дейтін, "жоғалта берейін" дейтінмін. Оны да жоғалтып алдым...

Соңғы кездескенімізде ештеңе айтпады, тек көзіме тесіліп қарап отырды да қойды, "айтшы, не болды" деп мен де қоймадым. «Ішімде не болып жатқанын білсең ғой, сенің сұрақтарыңа қанша жауабым бар екенін білсең ғой» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ, тағы бір айтқаны "армияға кету керекпін" деді. Оның үнсіздігінен жалығып, Айнұрдың есік алдына келгенде, мен де үндеместен түсіп кеттім. Бірақ бұдан кейін кездеспейміз деп ойламаған едім. Бір апта келген жоқ, бір апта мен үшін мәңгілік болып көрініп кетті. Бір аптадан кейін Қарағандыға жолға шықтық, тағы бір құрбым сол жаққа тұрмысқа шыққан еді, тойына бардық. Дархан, Жанболат, мен және тағы бір қыз бардық. Сол кезде Оған өзім бастап сөйлеймін," бізге не болды" деп сұраймын деп бекініп барған едім, сөйлеспедім. Оған екі себеп бар еді. Ол мені ешқашан есіміммен атамайтын, неше түрлі менің жыныма тиетін аттар ойлап тауып алып, менің қарсылығыма қарамастан солай атап жүретін. Бірақ бұл сапарымызда ол мені өз есіміммен атады, бәрінің біткенін сол кезде сездім. Екінші себеп, оған қыздар өздері көп хабарласатын, әсіресе құдашалары. Сол құдашаларының бірі бізбен бірге бір вагонда барды, Қарағандының қызы, Алматыға қонаққа келіп, қайтып бара жатқан жайы екен. Жанболаттың жанынан бір елі қалмайды, неше түрліні сылтауратып, өз купесіне қайта-қайта шақырып ала берді. Сол қыз Дархан мен Жанболат сыртқа шығып кеткенде, біздің жанымызға келіп әңгімелесіп отырды. Әңгімесінің арасында карта ойнап жеңіліп қалғанын, Жанболаттан жеңілген соң оның тілегін орындағанын айтты. Ал Жанболат «билетіңді біздің вагонға ауыстырасың» депті. Осыдан кейін Жанболатпен сөйлесудің қажеті жоқ деп ойладым. Қарағандыдан қайтып, Алматыға таңғы сағат алтыда түстік. Сәуірдің 21-жұлдызы еді.

Маусымның бірінде үйленейін деп жатқанын қарындасынан, яғни Айнұрдан естідім. Менің сіңлім "оны тоқтат" деді. Тоқтата алмадым, төртінде әке-шешесіне келін әкеліп түсірді. Осылайша біздің әңгімеміз де аяқталмай қалды, оқиғамыз да бітпей қалды, бірақ нүкте қойылды... Бір таңқаларлығы екеуміздің ортақ достарымыздың көбісі маған хабарласып жатты. Бәрінің айтатыны бір нәрсе. Бірі «Жанболат үйленіпті ғой, сен қалайсың?» десе, екіншісі жұбатумен әлек болды. "Бұның бәрі екеуміздің жақын араласқанымызды қайдан біледі" деп таңқалдым, дегенмен де мендегі күйді ешкімге көрсеткен жоқпын, «жоға бәрі дұрыс, ол үйленсе маған не болу керек» деп күле салатынмын, қайдан білсін ішімде не болып жатқанын?!.

Сол кездегі менің жағдайымды көрсеңіздер ғой. Жылаудан көзім құрғамады, екеуміздің жолымыз шынымен екіге бөлінгеніне сене алмадым, жүрегімді сендіре алмадым, достасып кетеміз деп ойлайтын едім. Өмір мен үшін тоқтап қалғандай болды, оның тіпті есімін жай ғана естіп тұра алмайтынмын, жылай салатынмын... Бір нүктеге қадалып отыра беретін күндерім көп болды. Бұрын тамақ іше алмай қалды немесе ұйықтай алмай қалды десе, "қалай ол?" деп ойлайтынмын. Тамақтану мен ұйықтау организмнің ажырамас бір бөлігі деп ойлайтынмын. Сенесіздер ме? 

(Есімдер өзгертілген)

Жалғасы

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com