Душ қабылдап енді болған едім, далада ойнап жүрген кіші сіңлім жүгіріп келіп «Сізді сыртта Дархан аға мен Айнұр тәте шақырып жатыр» деп айтып кетті. Айнұр – менің балалық шағымнан қол ұстасып бірге бойжетіп келе жатқан құрбым, ал Дархан – оның туыс ағасы еді, екеуі де менен бір жас үлкен. Шашым дымқыл болса да, үстімдегі үй халатыммен сыртқа шықтым. Үшеуміз сыртта сөйлесіп тұрғанбыз, Айнұрдың үйінен бір бала шығып біздің жанымызға келді. Оны Айнұрдың альбомдарынан көргенім болмаса, былай өзін көрген емеспін, тек атының Жанболат екенін ғана білемін. Дархан екеумізді таныстырды. Жанболат мен үшін жеңіл ойлы адам болып көрінді, оның менің есіміме байланысты орынсыз қалжыңы да осының дәлелі сияқты болды. Ішімнен "неменеге жанымызға келіп алды, тезірек кетсе екен" деп ойладым. Кішкене тұрғаннан кейін үшеуі де үйлеріне кіріп кетті.
2-3 жыл өткен соң... Жан құрбым, қуанышым мен қайғымды бірге бөлісетін досым, Айнұрым тұрмысқа шықты. Барлығымыз тойға дайындыққа кірісіп кеттік. Менің жездем, яғни Айнұрдың күйеуі қаладан алыста орналасқан ауылдардың бірінің баласы болатын, тойлары да сол жерде болатын болды. Дархан бар, мен бар, тағы да құрбыларымыз бар, бас-аяғы он адамдай жиналып, таңертең Саяхатқа жиналып, екі таксиге отырып, жолға шықтық.
Көптен күткен той да басталып кетті, бұрын қыз жолдас болып көрмеген соң ба, Айнұрдан бетер қобалжып кірдім тойға. Шіркін-ай, ауылдың тойы не деген керемет еді, адамдары неткен еркін, қарапайым... Қаланың тойлары шектен тыс ресми болып көрінді сол кезде маған. Ашық-жарқын адамдардың арасында көңіл-күйіміз де керемет болды. Ауылдың тойының арты төбелес деп еститін едім, біздің той да солай болды, оның өзі бір қызық.
Тойға туыстарымен бірге Жанболат та келіпті, оны бір-екі рет байқағаным болмаса, аса мән де бермедім, би алаңында тіпті оны көрмеппін де...
"Тойдың болғанынан боладысы қызық" дегендей, той да өтті. Қалаға келіп, бәріміз өз тіршілігімізбен өмір сүріп жаттық. Демалыс күндері немесе туған күндерде бас қосып тұратын дәстүріміз бар болатын. Сондай басқосулардың біріне Жанболат та келді, оның келгеніне таңырқасам да, тағы да аса мән бермедім. Содан кейін ол біздің жиындардан қалмайтын болды, осылайша, біздің ортамызға тез сіңіп кетті. Бір күні Айнұрды күйеуімен үйге келіп тұрсын деген ниетпен қонаққа шақырдым, әрине басқаларды да бірге шақырған едім. Жанболат та ренжіп қалмасын деп, Дарханға "оған да айта сал" деп сәлем айтып жібердім, бірақ келеді деп ойламадым. Дегенмен ол да келді. Тамақ ішіп болған соң, барлығымыз менің бөлмеме жайғасып, Айнұрдың тойын тамашаладық. Достарымды шығарып салайын деп бірге сыртқа шықтым, сол кезде Жанболат "сен негізі мені шақырмадың ғой" деп ренішін білдірді. Телефон нөмірін білмейтінімді сылтаураттым, сол жерде нөмір алыстық.
Біздің оқиғамыз осылай басталған еді... Күнде кешкі уақытты бірге өткізетінбіз, оның жұмыстары немесе менің жұмыстарым болсын, бірге жүріп бітіретінбіз. Кешке жұмыстан келемін, ол да жұмысынан өз үйіне барып тамақтанып, бірден маған келеді. Екеуміз әңгімелесіп отырып, уақыттың қалай өтіп кететінін байқамай қалатынбыз. Мойындаймын, «оқиғамыздың» басында мен оның күнде келіп жүргенін түсінбейтінмін, анам да «бекер үміттендірме, ол саған еріккенінен күнде келмейді ғой» десе, «жоқ, біз тек доспыз» деп қысқа ғана қайыратынмын. Күн артынан күн өтіп жатты, оған қалай бауыр басып қалғанымды өзім байқамай да қалдым. Ол жұмысын ауыстырды, жаңа жұмысында бір күн күндіз, бір күн түнгі ауысымда жұмыс істейтін, түнгі ауысымға түскенде маған келе алмайды. Сол күндерде оны қатты сағынып кететінмін, сондағы көрмей қалатыным бір-ақ күн ғой... Әңгімеміз таусылмайтын еді, біз қозғамаған тақырып қалмаған шығар. Оны соншалықты жақын білдім, жай ғана көзқарасынан айтқызбай-ақ көңіл-күйін бірден білетін едім. Ол да өтірік күліп отырсам да менде қандай да бір қиындықтар бар екенін бірден сезіп қоятын, сұрап-сұрап біліп алатын сосын. Мен оңайлықпен адамдарға ашыла бермейтінмін, бірақ оның алдында шын мәнінде қандаймын, сол қалпымда едім, ақымақ болып көрінуден де қорықпайтынмын, еркелеймін, жылап алам, қырсығамын. Бар мінезімді көрсеттім, өйткені оны өз адамым ретінде қабылдадым. Ол да «сенің жаныңда өз-өзімменмін, бұрын басқа қыздардың алдында өтірік салмақты болып көрініп, артық мінезімді көрсетпейтін едім, ал сен мүлдем басқасың» дейтін. Түсінесіздер ме? Мен оған ұнауға тырысып боянып немесе майысып отыруды білмейтінмін, ол адамнын жанында мүлде басқа адам едім. Қарым-қатынасымыздың аты жоқ болса да шынайы еді, басқалардың алдындағы бетперде екеуміз оңаша қалғанда сырылып түсіп қалатын. Аты жоқ дейтінім, шынымен де ол басқа жігіттер сияқты "сүйем, күйем" деп немесе "қызым болшы" деген емес...
(Есімдер өзгертілген)
Жалғасы
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com.