Құрметті "Құпия". Бұл сырымды сіздерден басқа ешкімге де айта алмаймын. Жасым 28-де. Үйім, көлігім, жұмысым бар. Шымкенттік болған соң, осы жаста "кәрі қыз" атанып отырмын.
Сүйкімді, аққұба болған соң, мектепте, оқу орнында артымнан жүгіретін жігіттер көп болды. Бірақ "уақыты келгенде ішінен шертіп тұрып таңдап аламын" деп жүре беріппін. Өкінішті, дәл қазір жалғызбын... Жігіттер 28-дегі маған қарағанда, 18-дегі үлбіреген қызды әйел қылып алсам дейді. Маған жолығатыны – ажырасқан, аннан қашқан, мыннан қашқан жігіттер. Айналама қарап, жөні түзу жігіт қалмады ма деп ойлаймын. Костюм-шалбар киген, үстінен ғажап иіс шығып тұратын сырбаз жігіттер қайда?..
Туысқандарымның үйіне барудан қалдым. Барсам болды, "отырып қалған кәрі қызға" бәрі аяушылықпен қарап, одан қалса "көлденең көк аттының етегінен ұста" деп миымды жейді. Дәл қазір өмірден түңіліп жүрмін. Барлық жағдайым жасалса да, мұның бәрі кім үшін?
Кейде ішімдік ішіп, ештеңе ойламай, өзге жолға түсіп кету туралы ойлар болады. (Ақыры ақтарылдым екен, іште ештеңе қалмасын). Бірақ әрине оған ата-анамның тәрбиесі жібермейді.
Бір қарабайырлау алыс туыс жеңгем әлгінде "біреуден бала туып ал, жасың 30-ға келіп қалды" деп қойып қалды. Ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Былай ойлап қарасам, оның айтып тұрған сөзі рас...
Не істерімді білмеймін. Күйзелістен күйзеліске жетіп жүрмін. Көз алдымда жастық өмірім бақытты жұптарға қызығумен сырғып өтіп барады. Аздап өлең шығаратыным бар еді. Осы жазда Түркияға барып демалып келдім. Бәрі тамаша! Бірақ сол тамаша нәрсені бөлісетін азаматым жоқ жанымда. Анам да отырып қалғанымды қатты уайымдайды. Әкем іштей ойлайтын шығар, бірақ әйтеуір бетіме басып көрген емес. Бір күні болмаса, бір күні айтып қала ма деп қорқамын...
Қарап отырсам, құрбымның көбі ажырасып үлгерген. Солардың орнында болсам, мен керемет жар болар едім деп армандаймын...
Не нәрсені дұрыс істемей жүрмін? Қайтсем өз теңімді табам?
Автор: Құпия қыз
Сурет: fonday.ru
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com