Алғашқы махаббаттың ыстық болатыны рас. Бірақ, оның балауса сезімге жататыны тағы бар. Мектепте оқып жүрген кезімде бір балаға өлердей ғашық болдым. Алғашында өткінші сезімге балап, мән бермеген болатынмын. Уақыт өте келе оған деген сезімімнің күшейе түскенін байқадым. Қыз бала болғаннан кейін сезімімді байқатпауды жөн көрдім. Арада 3-4 ай өткен соң, әлгі баланың мені жақсы көретінін құрбыларымнан естіп, сене алмадым. Бір қызығы мен өз сезімімді ешкімге айтпаған болатынмын. Тіпті, жақын құрбымнан да жасырдым. Дегенмен, тағдыр болар. Ол екеуіміз жақсы жарасып кеттік. Екеуіміз де баламыз ғой. Ол кездегі махаббат қандай болсын дейсіз?! Сабаққа бірге барып, бірге қайтатынбыз. Сырымыз да бір болды. Ештеңені жасырмайтынбыз. Мейрамдарда бір-бірімізге тосын сый жасайтынымыз да бар болатын. Арада түсініспеушілік болса да, тез татуласатынбыз. Екеуіміз 6 жылдай бірге болдық. Есейген шағымызда оның жаңа досы пайда болды. Ол досымен таныстырды. Бірақ, досымен сыйымыз жараспады. Маған ұнамады. Жігітімнің көңіліне қарап, үнсіз жүрдім. Уақыт өте келе, жігітім өзгере бастады. Құмар ойындар ойнап, менен жасырынып басқа мектептің қыздарымен танысуды шығарды. Мен мұны соңынан білдім...
Қыс кезі болатын. Жүрегім бірдеңені сезгендей болып, далаға шықтым. Жігітіме хабарласып, маған келуін сұрадым. Ол жарты сағатқа кешікті. Мен ашуға бой алдырып, қайтып кеттім. Күтпедім. Ұрсысып та қалдық. "Ашу - дұшпан, ақыл - дос" демекші, сабырға келіп, онымен сөйлесіп едім, ренжіп қалған екен. Шынымды айтсам, одан бірнеше мәрте кешірім сұрадым. Торт жасап алып бардым. Қолымнан келгенше бәрін істесем де, кешірмеді. Кенет, бір күні оның поштасын тексерейін деп желіге кірсем, көп нәрседен хабарсыз болғаныма көзім жетті. Оның әлгі жаңа, жанашыр, жақын деген досы екеуіміздің арамызға от салған екен. Кездесуге келмеген себебі де сол досы болып шықты. Тағы да үнсіз қалуыма тура келді. Екі апта өткен соң жігітімнің досы хабарласты. Басында сөйлескім келмеген болатын, не айтады екен деп тұтқаны алдым. Маған ұсыныс жасады. "Мен сені жақсы көріп қалдым", - дейді. Қалжыңдап тұрған шығар деп сенбедім. Тағы да солай 2-3 рет айтқаннан кейін, шын екеніне көзім жетті. Не дерімді білмей, онымен қатты ұрсысып қалдым. Ал, ол болса мен туралы жалған өсек шығарды. Құрбыларым маған осымен доғаруымды сұраған соң, жігітімді жайына жібердім. Бірақ, достарымен жиналып тұрған кезде өзіне абай болуын және жеке тұлға екенін ұмытпауды сұрадым. Іштей оны күттім. Қайтып оралар деп өзімді жұбатумен жүрдім.
Бірнеше ай өткеннен кейін достары келіп, кешірім сұрады. Өзі келіп айтса да, болар еді. Ол келмеді. Құрбыларымнан оның басқа қызбен жаңа қарым-қатынас бастағанын естідім. Іштей түңілдім. Бірақ, үмітімді үзбей, қайтып оралар деп жүрдім. Әттең, ол өз уақытында оралмады. Хабар жібергені бар. Кешірім сұрады. Сағынғанын айтты. Мен оны қайтып қабылдай алмадым өзіме. Себебі, намысым жібермеді. "Уақыт - емші" дейді. Қайдан? Ұмытқан сияқты күй кештім. Айырылысқанымызға 2 жылдан асты, кездеспегенімізге жыл болды. Соңғы күндері оны түсімде жиі көретін болдым. Арамызда көп сұрақтың жауабы шешілмегені рас. Амал бар ма? Бұрынғыдай сезім қалған жоқ. Суып кеттім. Мінезім де өзгерді. Содан бері менде, тіпті, қарым-қатынас деген ұғым болған жоқ. Ол менің өмірімде тек тәтті естелік болып қалады.
Жігіттердің опасыздығын көріп, олардан көңілім қалды. Енді ешкіммен кездесуге бармаймын деп шешім қабылдадым. Жігіттердің барлығы бірдей деген рас екен!
Автор: Құпия қыз
Сурет: uamodna.com
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com
Сурет: вк желісінен