- Негізгі бет
- Құпия
- Жігітімнің үйленетін уақыты...
Жігітімнің үйленетін уақыты келді...
Қымбатты Массагет! Мен Алматы қаласында білім алып жүрген бақытты студенттердің бірімін. Жасым он тоғызда. 2-курсты тәмамдамақпын. Сүйіктіммен табысқаныма осы мамыр айында екі жыл толды. Оның жанында өзімді сондай жайлы сезінемін. Болашағымды ол адамсыз елестетіп көрмедім. Былтырғы жылы ата-анасымен таныстырды. Айтуынша, ол кісілерге қатты ұнаған екенмін. Мереке кездері анасымен телефон арқылы сөйлесіп, құттықтап та тұратыным бар.
Бұл жігіт туралы анама былтырғы жылы, яғни, қарым-қатынасымызға бір жыл толғанда ғана айтып бердім. Бұрын-соңды анам екеуміздің арамызда мұндай тақырыпта әңгіме қозғалмаған. Себебі, ол кезде мектеп оқушысы болатынмын. Айтқандарымды анам жылы қабылдағандай болды. Осы жылы қысқы каникул кезінде біздің үйленгіміз келетінін, екі жақта жүре бергеннің қиын екендігін анама жеткізген едім. Анам ұзақ ойланды. Барлығын жақсы түсінді. Іштей осы ойыммен келіскенін сездім. Расында, бірімізге-біріміз қалтқысыз сеніп, сыйлап, сүйе тұра қыз-жігіт боп ұзақ жүре беру орынсыз көрінді. Себебі, ол менен 7 жасқа үлкен. Яғни, шаңырақ көтеріп, перзент сүйетін жасы жетті. Жігітімнің үй іші «Енді бұлай жүре бермей, үйленіңдер» деп асықтыра бастады. Жігітім де өз қатарластарының алды балалы болып, соңы үйленгелі жүргенін жиі айта бастады.
Анам менің бұл жаңалығымды әкеме айтты. Ал әкем әзір қамданбай-ақ қойсын дегендей сыңай танытыпты. Жігітіммен жасты ағам бар. Бойдақ. Ағамның жолын күтейін десем, оның әзір үйленетін ойы жоқ. Өзімнің жас екенімді ойлап, жүре тұрайын десем, болашақ жарым деп білген адамға қамқорлық танытып, отбасын қуантқым келеді. Көзімді жұмып, сүйгенімнің жетегіне еріп кете алар едім... Бірақ анам: «Алып қашуына келісім беруші болма, салтанатымен ұзатып береміз. Олай етсең әкең қатты ренжиді» деп қатаң ескерткен болатын. Сөзінен аттап кете алмаймын. Бәлкім, әкеме анам бір рет айтып қоя салғасын ғана келісім бермеген шығар деп ойлаймын. Анама тағы қолқа салып көрсем, ол әкеме тағы осы әңгіменің шетін шығарса жақсылап ойланар ма екен деген ойдамын. Мен үйдің кенжесі болғандықтан қимайтын болса керек. Қайтсем екен, достар? Қалай етсем Әкемнің келісімін, ақ батасын аламын? Менің орнымда болсаңыздар не істер едіңіздер?
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com
Ф. Абилова