Құрметті "Құпия" айдары! Бұл сырымды ішімде сақтап жүргеніме жақында бір жыл толады. Өйткені ақтарылып біреуге айтайын десем, ұят. Елдің табасына қалғым келмейді.
Жігітіммен 2 жыл жүрдік. Ол тойда асаба болып жұмыс істейді. Басқа да қосымша жұмыстары бар, негізгі табыс көзі - той. Үнемі ақшалы болып жүреді. Айтайын дегенім, 2 жыл бойы жігітіме мүлтіксіз сеніп келдім. Тойға өзімен бірге алып шығатын биші қыздарынан, тойдағы қыздардан қызғанған емеспін, өйткені өзі "той - менің жұмысым, жеп отырған наным" деп үнемі сендіретін.
"Бір өзіңді ғана сүйем" дегенде бар ренішімді ұмытып, болашағымды тек сол жігітпен байланыстыратынмын. 2 жылымды арнаған жігітім мені алдайды деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірген емес.
Сөйтсем, сенген серім тойға үнемі өзімен бірге алып шығатын биші қыздардың бірі - Ж. есімді қызбен махаббат құрып жүріпті. Сенесіз бе, осы 2 жыл бойы ол екі қызбен қатар кездесіп жүріпті!
"Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам". Өзім интернетке қызықпайтын жанмын, жұмысым интернетпен мүлде байланысты емес, агенттің өзіне анда-санда бір кірем. Күндердің бір күні жұмыстағы әріптес қыз "мынау сенің жігітің емес пе? Қатты ұқсайды екен!" деп жігітім мен Ж. екеуі құшақтасып түскен суретті көрсетіп тұр. Вконтактеден тауып алыпты. Тұрған жерімнен қаттым да қалдым. Сол кездегі күйімді сөзбен жеткізу мүмкін емес! Ешқашан ол маған сатқындық жасайды деп ойламаппын!
Дір-дір етіп, жігітіме қоңырау шалғанымда, ол: "қайдағы жоқты айтпашы! Бір тойда түскен суретті қойған да!" деп өзіме ақырды.
Жүрек байғұс кешіргенімен, көңілде күдік қалды. Күдігім бекер емес екен, ақыр соңында, яғни осы оқиғадан үш ай өткен соң, жігітім бәрін өзі мойындап, мені емес, оны, яғни Ж.-ны таңдағанын айтты... 2 жылым осылайша бекер өтті. "Егер мен сол суретті көріп қоймағанымда, алдап жүре берер ме едің?" деп сұрағанымда, ол: "сені қимадым", - деп жауап берді.
Ж. да мені білді. Бірақ өзін таңдаған соң, жігітімді кешірді. Қазір екеуі бақытты. Ал мен... Мен жалғызбын. Жүрегім қатты жараланып, жігітімді біразға дейін ұмыта алмадым. Міне, дәл бүгін ғана жан жарасы жазылып келе жатқандай. Жақында екі жаққа кеткенімізге 1 жыл болады. Жігіт атаулыдан көңілім қалып, қатты күйзелдім. Басында қатты қиналып, "кет, өтірікші!" деп жылағаныммен, артынан "шіркін, дәл қазір қайтып келсе, бәрін кешірер едім" деп армандадым. "Оның менен қай жері артық? Неге мені тастадың?" деп смс жазудан да тайынбадым. Жігітімді сағындым... Оның көзқарасын, иісін, күлкісін, жылы сөздерін қатты сағынып, түндерді жылаумен өткіздім. Ал қазір ондай өтірікші жігітке бұйырмағаныма қуанып, өзімнің шын бақытымды күтумен жүрмін.
Осы оқиғамды артымнан ерген бейтаныс сіңлілеріме сабақ болсын деп айтып, жазып отырмын. Ешқашан жігітке 100 пайыз сенуге болмайды екен! Ешқашан! Жігітті уыстарыңда ұстамасаңдар да, кез келген күдік келтіретін нәрсеге мән беру керек екен! Мен сияқты сеніп, бей-жай жүре берсеңдер, ол да тым еркінсіп, ойына келгенін жасайды. Мен тіпті 4-5 күн хабарласпай кетсе де, кешіріп жүре беретінмін...
Автор: Құпия қыз
Сурет: vk.com
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com