- Негізгі бет
- Құпия
- Жігітімнің бұл ұсынысына...
Жігітімнің бұл ұсынысына қарсы болдым
Сəлем қыздар! Сендерге өз оқиғамды айтып берсем деймін.
2014 жылы 12 ақпанда бір жігітпен Вконтакте желісі арқылы танысып, араласып, кездесіп жүрдік. Ол жігіт менен 3 жас үлкен. Өзі әдемі, спортсмен, темекі шекпейтін, денелі, салмақты жігіт болатын. Бір-бірімізге ғашық болып, жүре бастадық.
Эх, шіркін, бірге өткізген күндер не деген тәтті еді. Неткен керемет сезім еді. Көзіме қарап, жақсы көретінін айтып, еркелетіп жүретін. Сөйтіп уақыт өте берді. Желтоқсанның 20-сына таман екеуіміз кездесіп, ұрысып қалдық. Неге десеңіз, ол мені некесіз төсек қатынасына көндіре бастады. Жыным келгеннен аузыма келгеннің бəрін айтқанмын. «Есің дұрыс па? Не айтып отырсың? Маған мұндай жігіт керек емес!», – деп итеріп жібергенмін. Содан ол «демек мені сүймейсің, мен саған керек емеспін» деді де, кетіп қалды. Мен де үндемей кете бердім...
Содан бері ол кешірім сұрап, хабарласқан да жоқ. Мен де қырсығып 1 апта үнсіз жүрдім. Бірақ мен оған бауыр басып қалғаным соншалықты оны көрмесем тұра алмайтын болдым. Ақырында қыз басыммен оған телефон шалдым. Оператор «телефон сөндірулі» деген суық жауап қатты. Оның бір досынан қайда екенін сұрағанда ол: «Ол екі-үш күн бұрын Қызылордаға кетіп қалды», – деп айтты.
Содан бері 2 ай өтті. Жігітімнен хабар жоқ. Ал мен оны ұмыта алмай, қиналып жылаумен болдым.
Оның бір жақын досы бар еді. Өте жақсы, адамгершілігі мол бала. Оның 3 жыл жүрген қызы менің жігітіммен жүріп жатыр екен. Мұны маған әлгі жігіт айтты. Мен не айтарымды білмей қалдым. Жігіті оқуға кетіп қызына күт десе, бұл қыз күтпей менің жігітіммен жүріп кетіп отыр. Әлі күнге дейін жүріп жатыр екен. Тіпті олардың үйленгелі жатқанын естідім. Жақында жігітім ол қызды алып қашып, той жасайды. Жасы бар болғаны 20-дағы жігіт неге сонша асықты екен десем, әлгі қызы екіқабат екен. Бейшара жігіт досының бұл қылығына да көз жұмды. Ертең тойларына барғалы тұр. Мені өзімен шақырады. «Құтты болсын! Келесі жылы біздің тойға келіңдер!», – деп қол ұстасып, тілек айтайық дейді.
Ал мен үшін бұл тым ауыр. Сүйген жігітімнің басқа қызға үйленгенін көру маған қиын.
Әлгі досы жігітіме: «Мен Айданамен (өтірік есім) жүріп жатырмын. Жақында 3 ай болды», – депті. Сонда ол жынданып: «Ол қыз ешкіммен жүрмейді! Мен білем, ол мені ұмытқан жоқ! Мені əлі сүйеді!», – депті. Иə... Әрине, бұл рас сөз...
Сіздерден ақыл-кеңес күтемін. Бұл арада не істей аламын? Тойға барғаным дұрыс па? Не істеймін?
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com.
Ф. Абилова