Жасым 21-де. Тараз қаласында студентпін. Жігітім өзімнен 13 жас үлкен. Биыл 34-ке келеді. Ол туысқан ағамның жұмыстас досы. Туысқан ағам маған ауылдан беріп жіберген етті көлігімен әкеліп тастап тұрғанда, қасына ере келіпті. Таныстығымыз солай басталды. Әлбетте, басында бұл кісі менің жігітім болатыны үш ұйықтасам да түсіме кірмепті...
Өте мәдениетті, білімді, абыройлы жан. Оның қасында келе жатып тек сүйсінуге болады. Әңгімесін тыңдай бергің келеді. Маған сүйеу бола алатын нағыз азамат деп танимын. Тап-тұйнақтай болып киінетіні өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ, ажырасқан, екі баласы бар. Осындай азаматтан әйелі қалай ғана айырылып қалды екен деп ойлаймын. Сұрағанымда, "дәм-тұзымыз жараспады" дегеннен басқа ештеңе айтпады.
Ата-анам қатты қарсы. "Тең-теңімен" дейді. "Соншалықты керемет болса, отбасын неге сақтап қалмаған?", "Абыройымызға сын", "Кейін қартайғанда ол қасыңда қаусаған шал болып көрінеді", "Ажырасқан еркекке қызын беріпті деп жұрт бізді жүргізбейді", "Ол сенің тек қана жастығыңа қызығып жүр" дейді. Бұл нәрселер мені ойландырмайды. Мені ойландыратыны - ата-анамның теріс батасы... Осы нәрседен ғана қатты қорқамын әрі "тұрмысқа шық" деп айтып қала ма деп алаңдаймын. Бірақ өмірімді осы кісінің жанында өткізсем деп армандаймын. Той көйлегін де бүге-шігесіне дейін ойластырып қойғам. "Тұрмысқа шық" дегенді ерте ме, кеш пе, айтатынына сенемін. Сол кезде жігітіме не дерімді білмеймін... "Бәрі бітсін" деп айтуға аузым бармайды. Ол туралы ойлансам өз ойымнан өзім шошимын. Іштей өз-өзімді жегідей жеп біттім. Өйткені жігітіме қатты ғашықпын. Жігітімсіз өмірімді елестете алмаймын...
Қандай кеңес бересіздер?
Автор: Құпия қыз
Сурет: fonstola.ru
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com