Құрметті "Құпия" айдары! Жігітіммен жүргенімізге біраз жыл болды. Көңілімнен шығады, бірақ, бір ғана нәрсе мені ойлануға мәжбүрлейді...
Есімім құпия қалғандықтан, бүкпесіз баяндағым келеді. Осыдан бір жарым жыл бұрын жігітім, жігітімнің досы қызымен төртеуіміз кафеде отырғанымызда, көрші үстелдегі ішіп алған еркектер төбелес шығарды. Жігітім әу бастан қызуқанды, барып еркектерді ажыратам деп орталарына түсті. Жігітімнің досы жігітімді "қой, өздерінің шаруасы ғой" деп бері қарай қайтармақ болып, ол кетті. Сөйтіп төбелестің аяғы сол жердегі бір еркектің жансақтау бөліміне түсуімен аяқталды. Сол арада біреу пышақтап тастапты. Кафе іші жарық болмағандықтан, әрі қорыққандықтан не болып, не қойғанын өзім де анық ажырата алмадым. Өң мен түстің арасында осындай оқиғаға тап болдық.
Полиция келіп, оқиғаға қатысы бар-ау дегендердің бәрін жиып әкетті. Келесі күні жансақтау бөліміне түскен еркектің әйелі мен анасы сол жерде болған адамның бәрінің үстінен арыз жазып тастапты. Ішінде жігітім де бар.
Жігітімнің пышаққа жоламағаны рас. Десе де көк қағаз болмаса мәселе шешілмейтіні анықталды. Пышақталған еркектің отбасы әрқайсысынан 400 мың теңге сұрапты. Жігітімнің жанұясының жағдайы келмегендіктен, мен өз ата-анамнан қаражат сұрауға мәжбүр болдым. Ата-анама "емтиханымды жаба алмай жатырмын" деп өтірік айтып, олардан 400 мың теңге алдым. Ол кезде Астана қаласында 3 курс студентімін. Ата-анам Семейде.
Жансақтау бөліміндегі адам қайтыс болып кетті. Жігітім 400 мың теңге беріп, құтылды. Ал бере алмағандар мен шын кінәлі адамдардың жағдайы не болғанын білмеймін. Одан кейін сол араға жоламастай болып қаштық.
Содан бері біраз уақыт өтті. Ал жігітім сол алған ақшасын маған қайтарып бере алмай жүр. Жағдайы келіспей жүргенін де білемін, бірақ, жігіт деген аты бар емес пе? Неге намысқа тырыспайды? Осыны түсіне алмаймын. Қара жұмыс істесе де, осы алған қарызын қайтаратын уақыты да, жөні де болды. Арамызда бәрі жақсы болса да, сол қарызы есіме түсіп кете береді. Есіме түскен сайын, қатты ренжимін. Оның үстіне: "қарызды қайтармай жүр, кейін отбасылы болсақ, отбасын қалай асырамақ?" деп те ойланам. Одан бөлек, оқу бітірген соң, жөні түзу жұмыс таппай өзім де қиналып жүрген жайым бар. Ақша деген нәрсе нағыз пәлекет екен. Ақыл қосыңыздаршы. Не істесем болады?
Автор: Құпия қыз
Сурет: zillow.com
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com