Жездем күн көрсетпейді

Жездем күн көрсетпейді

Массагет сайтының "Құпия" айдарына өз сырымды жолдап отырмын.  

Тығырыққа тірелген соң, туысқан әпкемнің басындағы жағдайды жазғым келіп отыр. Мен Шымкент қаласында университетте оқимын. Жатақхана ала алмаған соң, туысқан әпкемнің үйіне тұруға келдім. Жездемнің үш бөлмелі үйінде жездем, әпкем, 1 қыз, 2 баласымен және мен тұрамыз. 

Басында келгенде-ақ жездемнің жақтырмағанын байқағам. О заман да бұ заман, ер адамның ұсақталып бара жатқанының куәсі осы шығар! Бірақ әпкем "кел" деп қоймаған соң, көңілін қалдыра алмадым. 

Әпкем жұмыс істемейді, үйдің бар тірлігі, бала бағу, тамақ пісіру көбіне менің мойнымда. Сабақтан келе сала бір тыным таппаймын. 

Әпке-жездем сырт көзге бақытты отбасы болып көрінгенімен, үйде береке жоқ, күнде ұрыс-керіс. Жездем әпкеме қол көтеріп, оған боқтық сөздер айтады. Мені ауырсынатынын байқаймын. Пәтерақы бермесем де, анам ауылдан ет, құрт беріп жіберіп отырады. Пәтер жалдап бөлек шығып кетейін десем, әпкем "мені тастап кетпе" деп бөлек шығуыма рұқсат бермей отыр. 

Ұрыстарын құлағым шалып қалғанда, қатты шошимын. Екеуі ит пен мысық сияқты, бір-біріне айтпайтын сөзі жоқ. Әпкем қанша таяқ жесе де үндемей қоя салмайды. 

Бір күні сабақтан кеш келгенімде жездем: "қайда жүрсің қаңғып?" деп айғайлап берді. Ұрып жібере ме деп қорқып, бөлмеме кіріп, жылап алдым. 

Жездемнің мінезі ішіп келгенде тіпті шатақ. Үйді төңкеріп жібере жаздайды. Әпкеме "неге ажырасып кетпейсіз?" десем, әпкем "кейін есейе келе түсінесің" дейді. Бірақ мен мұндай қорлыққа шыдай алмайтын шығармын... 

Жездеме қарап, ер адамдардан көңілім қалып барады. Әпкеме де құрметім қалмады. Бір жағынан әпкемді жалғыз тастап кете алмаймын. Кетпейін десем, күнде ұрыс-керістен көзім ашылмайды. Осы ортада өсіп келе жатқан үш балапанды аяймын.

Сырымды ешкімге айта алмаймын. Анама айтып бір жеңілдейін десем, туысқан әпкем кейін біреуден болмаса біреуден естіп қалып, "асымды жеп, құдығыма түкіріп отыр" деп ойлай ма деп уайымдаймын. 

Не істесем болады? Кеңес күтем... 

Автор: Құпия қыз

Сурет: womanjour.ru

Р. Роза