Естіген құлақ елең етіп, көздерді бал-бұл жайнатып, болмаса мұңға батыратын мәңгі өшпейтін тақырып - махаббат. Бұл тақырыптың менің де тұла бойымды шымырлатып, жанымды жадыратқан, ауыр азапқа салған сәттері аз болған жоқ. Бір қызығы, мен ешқашан өзге қыздар сияқты жүректегі ішкі сезімдеріммен тіпті ең жақын құрбыммен де бөліскен емеспін. Себебі жүректегі сезімімді өзім де мойындамайтынмын. Неге десеңіз, өте ұяң болдым. 8 сыныптан бері бір жігітті іштей ұнаттым. Жоқ, ұнату емес, ессіз ғашық болдым. Ол кезде ол жігіттің қызы болғандықтан, сезімімді жүрегімде тұмшалап жүрдім. Міне, арада 8 жыл өтсе де, оған деген сезімімнен арыла алмай келемін. Мектепті бітіргеннен кейін ол өзге елде, мен бас қалада оқыдым. Ол жігіт менің сезімімді аңғарған, бүгінде басы бос. Бірақ маған деген көңілінің бар-жоғынан бейхабармын. Оның да мінезі аса ашық емес. Сезімін білдірген жігіттер де аз болған жоқ. Бірақ мынау ақымақ жүрек ол жігіттен өзгені көзге ілер емес. Одан өзгеге көңілім бір жылымай қойды, тіпті осы уақытка дейін жігітпен жүру дегенді білген де емеспін. Бар жүрегіммен бір жанға ғана ессіз байландым да қалдым. Ұмытуға шамам жоқ, енді алдағы күнім не болмақ? Осылай жүріп жасыма-жас қосылып, қалай қартайғанымды білмей қалатын түрім бар. Өтініш, ұмытуға көмектесіңіздерші немесе өз ақыл кеңестеріңізді айтыңыздаршы?
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com.