Бір рет сүю – мың мәрте өлу...
Бір рет сүю – мың мәрте өлу... Өтірік дейін десем өзімді алдаймын. Шындық дейін десем сол шындыққа тура қарауға жасқанамын. Тәкаппар дүниеге тәкаппар көзқарас қарсы тұра ала ма?! Сезімге келгенде "намыс" бой бере ме? Алғыс алар жер көп. Қарғыстан да қалтарыс қалмай жатамыз. Кім білсін?! Шаршап кеттім. Сезім дегеннің дәл осылай боларын білсем , жүректі сақтаушы едім ғой. Бақытты болу үшін әуелі бақытсыз болу керек пе?! Сен – ақылдың қызы. Мен – жүректің қызы. Сен – тәртіпті өмірдің гүлі. Мен – тентек өмірдің құлы. Ақыл – арам. Адастырмайды. Алайда айқастырады. Жүрек – аңқау. Жаңылдырмайды, жылатады. Ақыл – тәкаппар. Иілуді білмейді. Жүрек – байғұс. Бұл бұққанға батырсымақтар сұға береді. Ақылдың жолы жеңіл. Сапарының бәрі сәтті. Жүректің тұсы тек жеңіліс. Танып айттым ба, тауып айттым ба, білмеймін, таңдау өзіңізде.
Сезім құрғыр айтып келсе, ғұмыр кешкендердің бәрі махаббатты жоқтамай-ақ өтер еді. Жоғалтпай-ақ кетер еді. "Бір рет сүю – мың мәрте өлу". Мойындағың келмесе де, бұл – махаббаттың басты талабы. Бағынсаң бабыңды табады. Бағынбасаң, барыңды алады. Бақытты болу үшін бақытсыздың кейпін кию шарт емес. Махабат менді қолдан соққандарды жер қылады. Қонған бақты жолда қалдырған әлсіздерді жек көреді. Ақылға бағынбаған сезімнің жіңішкеріп барып, көз алдыңда үзілгені өте жаман. Өзіңді жоғалту – пенде атаулы көтере алмас азап немесе адасу. Есесіне, есейесің. Басқа әлемге енесің. Динамика мен статика екі бөлек дүние болғанымен, берері мол. Сезімге келгенде сезіну бір бөлек, сол сезімге бөлену бір бөлек. Ең таза жер – жүрек. Ең кіршеңі – көңіл. Екеуіне де абай болу керек-ау. Кейде еңкеймеген еңке мен иілмеген бастан ұялады екенсің. Данышпансудың қажеті не?! Сезімге келгенде жүректі сақтаңыздар!!!
Ә. Жутаева