"Бәрі бітті" деп айтуға бата алмай жүрмін

"Бәрі бітті" деп айтуға бата алмай жүрмін

Қыз-келіншектердің сенімді серігіне айналып үлгерген "Құпия" айдарына өз оқиғамды мен де жолдап отырмын. 

Өзім Қызылордада тұрамын, жақсы жерде жұмыс істеймін. Айтайын дегенім осыдан 7 ай бұрын жүре бастаған жігітім күннен-күнге сан түрлі қылық шығаруда. Басында "полицияда істеймін" деп танысқанымен, кейін полицияда істемейтіні анықталды. Бір күні туысқан ағама көмек сұрағанымда, ол "жоқ, мен қазір демалыстамын" деп бас тартты. Кез келген еңбек демалысы 30 күннен аспайды ғой, бір айдан кейін тағы да сұрағанымда, "жаным, ренжімеші, мен ол жақтан шығып кеттім" деді... 

Одан бір фирмада "менеджермін" деп шықты, бірақ ол жақта істейтініне, жалпы жұмыс істейтініне күмәнім бар. Сондай бір түсініксіз адам. Қашан хабарлассам да, тып-тыныш жерде отырады. Меніңше, сол күні бойы үйде жататын сияқты. 

Әйтеуір, өзінше жұмысбасты адам болып көрінгісі келе ме, түсінбедім. Бірақ бірде-бір рет жұмыстастарымен таныстырған емес, "жұмыстасым" деп сөйлесіп отырған адамын көрмедім. "Немен айналысасың жұмыста?" десем, "қағазға қол қоям" дейді. "Қандай қағаз?" десем, "фирманың қағаздары" дегеннен артық ештеңе айтпайды. 

Жә, енді жұмысын қайтем? Нағыз болмаса, кейін үйленіп жатсақ, отбасын өзім асырармын, тұрақты табысым бар ғой, әйтеуір... Қазір барлық отбасының ерлері үйде жатады, жұмыс істейтін - әйелдер емес пе? Сондықтан қазіргі заманға сай қалыпты жағдай... Кім не десе, о десін, мен осылай ойлаймын. 

Бірақ бар мәселе осымен шектелмейді. Жігітім - өте қызғаншақ! Басында мені қызғанғанына қарап, қатты қуанатынмын, ал қазір... Қазір бір қадам аттасам да, "қайда бардың? қасыңда кім бар? кіммен сөйлестің?" деп аңдумен отыратыны жүйкеме тиіп жүр.

Мен де адам емеспін бе? Менің сөйлесетін достарым, туған-туыстарым бар шығар? Жоқ, ол түсінгісі келмейді. Телефон қоңырауын алмай қалсам, біттім. "Сен біреумен кездесіп жүрген шығарсың" деген әңгімесі мені әбден титықтатты. Сезімім де суып бара жатқандай... Сезімді қойшы, дені дұрыс адам болса, бәріне шыдайсың ғой... Өтіріктері, қызғаншақтығы қарым-қатынасымызды суытып жатқан сияқты. 

Сонымен бұл жігітіме "бәрі бітті" деп айтайын десем, бүгін болмаса ертең бәрі жақсы болатын сияқты көрінеді де тұрады. Ол түзеліп, қалыпты адамға айналатын сияқты көрінеді. Бірақ түзелер болса, 7 ай бойы қайда қалды? Менікі құр үміт екеніне сенгім келмейді... Оның үстіне оны тастасам, тағы да жалғыз қалатын сияқтымын...  

Автор: Құпия қыз

Сурет: nuclear-wallpapers.ru.com

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

Р. Роза