Бақыттымын!

Бақыттымын!
Фото: wallpaperscraft.com

Айналайын тағдырлас замандастар! Мен бақыттымын және бақытты екенімді бүкіл әлемге айғайлап айтқым келеді. Одан ұялмаймын. Менің он екі мүшем сау, ата-анам аман-есен, бауырларым бар, жақсы оқуым, сүйген адамым бар. Мен өте бақыттымын. Күнде таңертең тұрғанда "осы бақытымнан айырмаса екен" деп кішкене үрейленіп оянам. Бірақ бәрінің өз орнында екенін білген соң, қатты қуанамын. Әрине, отбасымыздың тұрмыстық жағдайына да көп нәрсе байланысты. Әке-шешем өмір бойы еңбек етіп, осы күнге дейін бізді жеткізді. Бір әпкем, екі ағам бар, үйдің кенжесімін. Қазір шалқыған бай болмасақ та, біреуден ілгері, біреуден кейін, тату-тәтті өмір сүріп отырған жайымыз бар. Өзіміздің жеке азық-түлік дүкеніміз бар. Әке-шешем жас кездерінде көп қиындық көрген. Әкем бір кездері ішкілікке салынып та кеткен. Анам болса, жұмыссыз қалып, үйде ішерге ас, киерге киім болмаған. Бірақ әке-шешем бәріне шыдап, осындай күйге дейін жеткен. Мен басқалардың ата-аналарына қараймын да, өз ата-анама үлкен рақметімді айтам. Солардың ерік-жігерін, еңбекқорлығын өзіме үлгі тұтам. Мен де кейін бала-шағам болғанда, оларға осындай жақсылық жасаймын деп сенемін. Өйткені "балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" демей ме?!

Мен ең жақсы оқу орындарының бірінде білім алып жатырмын. Мені "мақтаншақ екен" деп ойласаңыздар да, өздеріңіз білесіздер, бірақ, өмірімдегі ең тәтті, ең керемет кезде "бақыттымын" деп айтудан қорықпаймын. Менің отбасым бір-бірімен өте тату, жұрт қызығады. Әрине кейде ұрыс-керіс болып жатады. Сондай кезде анам көбіне үндемей, шыдап қалады. Әкем ашуы басылған соң, қайтадан қабағы ашылып кетеді. Менің ата-анамның бір ерекшелігі бар. Олар қандай жағдай болса да, жақсылықтан күдер үзбейді. Бір күні дүкенімізге келген адам уақыты өтіп кеткен шұжық сатып алып, одан уланып, ауруханаға түсті. Ауруханада жатып, дүкеннің үстінен арыз жазды, ауруханадан шыққан соң да дүкенді жауып тастау үшін біраз жүгірді. Сол кезде басымызға іс түсті. Мен "дүкен жабылып, әкем сотталып кете ме" деп қатты қорықтым. Сонда анам әкеме қатты тірек болып, үнемі жылы сөз айтумен болды. "Бәрі жақсы болады" деп бізді сендірді. Әйтеуір іс сәтті аяқталып, бүгінде бәрі дұрысталды. Мен де кейін анам сияқты болғым келеді. 

Үлкен екі ағам – біздің тірегіміз. Бір алаңдататын жайт – ең үлкен ағам жасы 30-дан асса да, үйленбей жүр. Жақсы жеңгем болса екен деймін. Екінші ағам бокспен шұғылданады, әпкем жеке компанияда жұмыс істейді. Ал енді өзімнің студент екенімді айттым. Сүйген жігітім – біздің көршіміз. Оны бәрі таниды, жақсы көреді. Болашақта осы жігітке тұрмысқа шыққым келеді. 

Көптеген қиындықтан айналып өтіп, осылайша жердің бір түкпірінде бақытты шаңырақтың астында өмір сүріп жатырмыз. Менің бұл жазбаны жазған себебім бар. Бейтаныс құрбыларымның ауыр тағдырын оқығанда, көзіме жас келеді. "Құпия" айдарынан да көбіне көңілсіз жазбаларды оқып жатамыз. Мен оларға "жақсылықтан күдер үзбеңдер!", "бақытты адамдар да бар, бір күні сендер де бақытты боласыңдар!" дегенді айтқым келеді. Расымен бақыт кез келген адамға келеді. Мына өмір тек қана ауырлықтан тұрмайды. Оған мені дәлел етіп алсаңыздар болады. Ата-анам әлпештеп, махаббатқа бөлеп отырғандықтан, менің бұдан артық өмір сұрауға дәтім де бармайды. Басқа өмір маған керек те емес. Түптеп келгенде, бәрінің іздеп жүрген бақыты – отбасының жылулығы сияқты. Карьера, ақша, бәрі уақытша нәрселер. Бақыт деген жалғыз қалмау, жанашыр туғандарыңның аман болуы деп ойлаймын. Ойлап қарасақ, жетістікке жеткен әйел адамдардың жанұясы жоқ, болса да, толық емес. Оның несі бақыт? 

Бақытты болыңыздар! 

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com

Р. Роза