- Негізгі бет
- Құпия
- Әйелін ұрған бейтаныс...
Әйелін ұрған бейтаныс көршіме араша бола алмадым...
Бүгін таңертең айғай-шудан ояндық. Жоғарғы қабатта әйел адамның шыңғырып, өкіргені естілді. Басында ұйқылы-ояу не болғанын түсінбегенімізбен, кейін бұл "ерлі-зайыптылар төбелесі" екенін ұқтық. Күйеуі әйелін шыңғыртып ұрып жатыр. Арагідік арыстанша ақырған ер даусы естіледі. Тарс-тұрс, шыңғырған сәби, өкірген әйел...
"Ұрма, ұрма деймін! Ұрудан басқа не білесің сен? Менен басқа кімге әлің келеді?", - деген әйел даусы таңғы тыныштықтан анық естілді. "Аузыңды жап, сен қатын...". Тарс-тұрс... "Басым-ай, басым-ай" деген әйел өкіріп жатыр. Басын қабырғаға, не еденге соққан болуы керек. "Теппе ішімнен!". Әйелдің жан даусы шықты. "Жап аузыңды!" деген гүрілдеген дауыс бір нәрсені тарс еткізген соң, айғай-шу сап тыйылды. "Әйелін өлтіріп тастады ма, неғылды?". Күңгірт ой көлбең етті.
Қалалық жер болған соң, көпқабатты үйдегі көршілер бір-бірімізді танымаймыз. Ешкім дүниені жаңғырықтырған айғай-шуға араша түспеді. Бәрі де мен сияқты тыңдап қана жатқан болар. Расымен "ерлі-зайыптылар арасына есі кеткен түспей ме?".
Десе де, расымен өлтіріп тастаған болса ше? Осы ой мазалай берді. Жоғары қабатқа көтеріліп, мән-жайды білуге жүрек құрғыр дауаламады. Не істесем екен? Бәрібір мен барғаныммен, "сен кімсің?" деп мені де қоса ұра ма деп қорықтым. "Заң қызметкері болғанымда ғой, куәлігімді алып барып, араша болар ем" деп те армандадым.
Бір сәтте әйелдің даусы тағы естілді. Кеудесінде жаны бар екен әйтеуір. Одан сайын өршеленіп кеткен. "Айтам сені мамаға, бәріне жайып салам ұратыныңды!" деп айғай салған әйел басылар емес. "Үндемей қоя салса қайтеді?" деп мен жатырмын. Әлбетте кім кінәлі болса да, әйел жағындамын. Қолым бар, күшім бар екен деп қорғансыз әйел баласына қол көтеру мүлде дұрыс емес! Еркек әйелге қол көтерген күні еркек атынан айырылады. Сондықтан осы жолдарды оқып отырған ер азаматтар, ойланыңыздар! Әйел - балаларыңыздың анасы емес пе? Егер әйеліңіздің бір жері майып болса, кейін өкінетін - өздеріңіз! Кез келген ұрысты сабырмен шешуге болады. Онсыз да өмір қысқа ғой...
Бұл сорақылық қашан тыйылар екен? Арнайы заң керек-ау... Қалай ойлайсыздар?
Автор: Құпия қыз
Сурет: bigpicture.ru
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com
Р. Роза