- Негізгі бет
- Құпия
- Әкемнің сатқындығы...
Әкемнің сатқындығы
Кімнен көмек сұрарымды, не істерімді білмей аласұрып барамын...
Сіздерге түсінікті болу үшін бәрін басынан айтайын. Алдыңғы жылы анам байқамай қуат көзінде тұрған әкемнің ұялы телефонынан бір келіншекпен сөйлескен хаттарын оқып қойған еді. Әкеммен сөйлескенде, әкем «болды, қойдым» деген еді. Ол кезде әкем дін жолына бет бұрған. «Алла жолына түстім ғой, болды, қойдым» деп еді... Сол кезде анам қатты ауырды. Анамның сондай жағдайда жүргенін бұрын көрмеппін. Әкемнің де бетіне баспады, бізге де айтпады, тек іштей өз-өзін жей беретін... Бүйрегінен талма беріп, жедел-жәрдем шақыруымыз көбейіп кеткен еді...
Одан кейін бәрі өз орнына келген сияқты еді... Анам кешіргендей болды... Әкемнің бір бетіне басып жатқанын көрген емеспін. Тек менімен оңаша қалған кездерінде: «Әлі де сөйлесе ме екен? Егер сөйлесетін болса, бұлай мазақ еткенше неге кетіп қалмайды? Ренжімеші, саған айтпағанда, кімге айтам? Ол – сенің әкең, жек көрме. Қызсың, түсінесің деп айтып жатырмын», - дейтін.
Әкемнің анама айтуына қарағанда, ол әйелдің де отбасы бар екен. Күйеуі іссапарға көп шығады-мыс.
Бұл жағдай ұмытылғандай болған....
Мен ол әйелдің атын білемін. Жазда үй жинап жатып, ашық тұрған терезеден әкемнің тағы да сол әйелмен сөйлесіп жатқанын естіп қалдым. Сөздерінен түсінгенім ол әйел басқа қалаға кетіп қалыпты. Уффф кетсе, кетсін, тек отбасымның берекесін қашырмаса болды, ер адам болған соң, мұндай жағдай болып тұратын шығар деп ашуымды ақылға жеңдіруге тырыстым.
Бүгін тағы да байқаусызда әкемнің әлеуметтік желі арқылы сол әйелмен сөйлескенін көрдім. Өзімдікін қосып едім, әкемнің парақшасына кіріп кетті. Түнде сөйлесіп, диалогты өшіріп тастапты. Тек соңғы сөзі ғана тұр. Әйелдің парақшасына кірсем, түнде бір кішкентай бөпенің суретін салыпты да, астына менің әкемнің аты-жөнін жазып қойыпты. Сондай-ақ парақшасына менің әкемнің аты-жөнін жаза беріпті. Біреу көрсін дегендей. Ана сәбидің суретіне қарап отырдым да қалдым, шынымен де менің әкемнің баласы ма? Жаратушы Ием, менің әкем осындай сатқындыққа бара ала ма сонда?! Сонда інім екеумізден бөлек тағы баласы бар ма? Сене алар емеспін. Ол әйелмен байланысы шынымен сондай тереңде жатыр ма?! Анамның 25 жыл жанында болып, әрқашан демеу болып, ақылдылығымен әкеме көмекші болып жүргеніне айтқан рақметі осы ма?
Айтыңыздаршы, не істейін? Жынданатын шығармын. Әкеме де, анама да айта алмаймын. Егер әкем кетіп қалса, анам көтере алмайды, білемін ғой мен. Не істеймін? Осылай үндемей жүре берейін бе? Не істеймін?
Әкем мен анам бір-бірін қатты сыйлайды. Өмірімде олардың бір-біріне қатты дауыс көтергенін көрген емеспін. Бір-бірінсіз тамақ ішпейді. Сыртынан қарап, екеуіне қызығатынмын. Шіркін, мен де осындай отбасы бола алам ба деп ойлаушы едім! Анамның ақылдылығының арқасы шығар бәлкім?! Әкемнің істеп жүргені не сонда? Жылулық сезінбейді дей алмаймын, біз әкемізді әрқашан құрмет тұтамыз, анам солай үйреткен. Бұл сонда тойып секіргеннің ісі ме?
Бәрі осындай дегенді ойласам, тұрмысқа шыққым келмей кетеді.
Әкем қазір дін жолында жүрген жоқ. Қатты сөкпеңіздерші. Ол да пенде. Тек ақыл-кеңестеріңіз керек.
Бұл жағдайда не істейін, айтыңыздаршы?! Өмірде көрген, білгені көп аға-әпкелерімнен көмек сұраймын. Өтініш, тезірек шығарыңыздаршы. Ақылдарыңыз керек болып тұр!
Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com
Р. Роза